Жарты жылға дейін күтеді: Қазақстанда арнайы ХҚКО-лардың жұмысын сағат 20:00-ге дейін ұзарту ұсынылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Құрылтай отырысында депутат Мейраш Шынасилова қазақстандықтардың жүргізуші куәлігін алу үшін арнайы ХҚКО-ларда емтихан тапсыру кезегін ұзақ, тіпті жарты жылға дейін күтуіне тура келетінін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Шынасилованың айтуынша, мәселені тек қолданыстағы инфрақұрылым шеңберінде шешу жеткіліксіз. Емтихан қабылдау орындарының санын көбейтіп, мемлекеттік органдардың мүмкіндіктерімен қатар жеке сектордың әлеуетін де пайдалану қажет.
"Біріншіден, теориялық емтиханға жазылу және кезекті қысқарту мәселесі. Мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын азаматтарға ыңғайлы болу үшін сағат 20:00-ге дейін ұзарту және емтихан қабылдаушылардың ауысымдық жұмысын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру қажет.
Сонымен қатар теориялық емтихандарды қабылдау үшін қосымша алаңдарды – Ұлттық тестілеу орталығының және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелерінің базасында ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл кезекті азайтуға және азаматтардың емтихан тапсыру мүмкіндігін арттыруға ықпал етер еді", - деді ол.
Депутат кезектің көптігінен практикалық емтихан тапсырудың да оңай болмай тұрғанын айтты.
"Екіншіден, ең өзекті мәселе – практикалық емтиханға кезек. Қазіргі кезде практикалық емтихан негізінен мамандандырылған ХҚКО-лардың автодромдарында ғана қабылданады. Мысалы, халық саны агломерацияны қоса алғанда екі миллионға жуық Астана қаласында бір ғана автодромның болуы мәселенің ауқымын көрсетіп отыр.
Бұл ретте жеке сектордың мүмкіндігін пайдалануға болады: көптеген алдыңғы қатарлы автомектептің өз автодромдары бар. Сондықтан практикалық емтихан қабылдауға қойылатын бірыңғай техникалық, қауіпсіздік және ұйымдастырушылық талаптарды белгілеп, осы талаптарға сәйкес келетін жеке автодромдарды аккредиттеу арқылы емтихан қабылдауға тарту мүмкіндігін қарастыру қажет. Осы тәсілді теориялық емтиханға да қолдануға болады", - деді ол.
Сондай-ақ депутат емтиханға жазылу кезінде делдалдардың қызметін болдырмау қажеттігін – емтиханға жазылуды тек eGov және eGov Mobile арқылы жүзеге асыруды және бос орындарды автоматты түрде бөлудің ашық әрі қорғалған тетігін енгізуді ұсынды.
"Бұл кезекті сатып алу-сатуға жол бермей, емтиханға жазылу мүмкіндігін барлық азамат үшін тең қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Мейраш Шынасилова.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
