Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Бұрын-соңды табылмаған": Түркістанда археологтар мыңдаған жыл бұрынғы жұмбақ қорымды тапты (видео)

    Түркістан облысынан табылған олжа
    Түркістан облысынан табылған олжа. Кадр: otyrar.kz

    Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ғалымдары Созақ ауданының Қызылкөл тарихи-мәдени аймағында екі бірдей бірегей ескерткішті зерттеп жатыр. Археологтар бұл олжаны өңір тарихындағы нағыз сенсация деп бағалауда, деп хабарлайды Otyrar.kz.

    Алғашқы нысан кейінгі қола дәуіріне, яғни біздің заманымызға дейінгі X–VIII ғасырларға жатады. Өңірдегі өзге ескерткіштерден айырмашылығы — бұл қорым диаметрі 10 метрге жуық, тігінен қойылған тас плиталардан тұрғызылған дөңгелек пішінді кешен. Кешеннің орталығында ішкі жиектері ірі тастармен қаланған тас жәшік пен қабырғалары өрілген цисталы жерлеу құрылысы қатар орналасқан. Бұған дейін мұндай дөңгелек жобадағы ескерткіштер тек Орталық Қазақстанда ғана кездесетін, ал Оңтүстік Қазақстанның археологиясында, әсіресе көл жағасынан алғаш рет тіркеліп отыр.

    Екінші нысан — Қызылкөл-1 қорымындағы отбасылық сардоба ғалымдарға бұдан да үлкен жұмбақ сыйлады. Ер адам, әйел және екі баланың сүйегі табылған склептен сусар мен түлкі сүйегінен жасалған сирек тұмарлар шықты. Алайда археологтардың басты назарын әйелдің бассүйегіндегі дөңгелек тесік аударды. Зерттеушілердің айтуынша, бұл — ежелгі соғыс қаруы клевецпен тиген соққының ізі. Жарақат әйелдің көзі тірісінде жасалып, өлімге алып келген.

    Қазіргі таңда ғалымдар әйелдің қазасына қатысты екі түрлі болжамды қарастыруда. Бірінші нұсқа бойынша, бұл нағыз майдан алаңындағы жауынгер әйел болуы мүмкін. Өйткені Қаңлы мемлекетінің құрамында әскери сармат тайпалары болған, ал сарматтарда әйелдердің қолға қару алып соғысуы жиі кездесетін. Екінші нұсқа — әйелді күйеуімен бірге жерлеу мақсатында ритуалдық жолмен өндірген болуы ықтимал. Дегенмен ғалымдар екінші болжамға күмәнмен қарайды. Себебі Қаңлы қоғамында әйелдің әлеуметтік орны өте жоғары болып, оларды барынша қорғаған, тіпті соғыс кезінде де еркектер сияқты өндірмей, тек тұтқынға алған.

    Оңтүстік Қазақстанда жарты ғасырға жуық жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулер тарихында мұндай ерекше жағдай бірінші рет кездесіп отыр. Ежелгі әйелдің нақты неден қаза тапқанын — майдан даласында ма, әлде ритуал құрбаны ретінде ме — жақын арада сүйектер мен бассүйек зақымын толық зерттейтін антропологтар анықтайды.

    "Бұрын-соңды табылмаған": Түркістанда археологтар мыңдаған жыл бұрынғы жұмбақ қорымды тапты (видео)

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram