Алматыда әуежайға дейінгі метро желісінің жобалық-сметалық құжаттамасына 150 млн теңге бөлінеді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматыда "Жібек жолы" станциясынан әуежайға дейінгі метроның екінші желісінің жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге 150 млн теңге жұмсау жоспарланып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы Алматы қалалық Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәлімдеді.
Ол қалалық мәслихат отырысында жыл соңына дейін "Қалқаман" станциясын пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты. Оны іске қосу жұмыстарына 1,1 млрд теңге бөлінеді.
"Сонымен қатар биыл "Қалқаман" станциясынан "Барлық" станциясына дейінгі учаскенің құрылысы басталды. Жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 243,3 млн теңге, ал Инфрақұрылымды дамыту қорынан 45 млрд теңге бөлінді.
Метрополитен желісін одан әрі кеңейту үшін "Жібек жолы" станциясынан әуежайға дейінгі екінші желінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 150 млн теңге қарастырылған", - деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, метроны дамытумен қатар, радиалды бағыттарды, ішкі көлік байланыстарын және шағын аудандардың жол желісін дамыту жұмыстары жалғасуда.
Мәселен Рысқұлов даңғылының құрылысын қала шекарасына дейін аяқтауға 5 млрд теңге бағытталады. Мұқанов көшесін Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін ұзартуға 500 млн теңге, ал Райымбек даңғылын Шығыс айналма жолына (ШАЖ) дейін ұзартуға 5 млрд теңге бөлінеді.
"Шағын аудандардың жол инфрақұрылымы да дамитын болады. Жыл соңына дейін Ақжар шағын ауданындағы жол құрылысын аяқтауға 2,7 млрд теңге, Теректі шағын ауданындағы жол жұмыстарына 650 млн теңге бағытталады.
Қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді субсидиялауға қосымша 12 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде 10 млрд теңге автобус тасымалына, 2 млрд теңге метрополитен тасымалына қарастырылған", - деді спикер.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2426214-almatyda-auezhaiga-deiingi-metro-zhelisining-zhobalyq-smetalyq-quzhattamasyna-150-mln-tengge-bolinedi/
