Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    "Қыркүйек" сөзінің дұрыс жазылуына қатысты пікірталас: қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігі әзірленеді

    Қазақ әдеби тілінің сөздігі
    Сөздік. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин "қыркүйек" сөзіне қатысты пікірталас туындаған соң қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігі әзірленетінін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Ерлан Қарин Instagram-дағы парақшасында ай атын "қыркүйек" немесе "қыргүйек" деп жазу мәселесі тек тіл мамандары мен әдебиетшілердің ғана емес, қоғамның назарында екенін атап өтті.

    "Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас.

    Әрине мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық", - деп жазды ол.

    Талқылау барысында ғалымдар мен мамандар қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келді.

    Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі.

    "Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөздер қосылды. Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ.

    Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа Орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз", - делінген жазбада.

    Еске сала кетейік, бұған дейін желіде ай атының дұрыс жазылуына қатысты дау туындаған еді. Оқу-ағарту министрі қай нұсқаны қолданатынын айтқан еді.

    "Қыркүйек" сөзінің дұрыс жазылуына қатысты пікірталас: қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігі әзірленеді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram