Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Киік мүйізіне 1,2 млрд теңге": Қазақстанда ерекше лот саудаға қойылды

    Киік мүйізі
    Киік мүйіздері. Фото: e-qazyna.kz

    Қазақстанда электронды сауда-саттыққа бір тонна киік мүйізі шығарылды. Лоттың бастапқы құны 1,2 миллиард теңгеге бағаланған, деп хабарлайды e-Qazyna.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Қазақстанда бір тонна киік мүйізін сату жоспарланып отыр. Тиісті лот e-Qazyna.kz электронды сауда порталында жарияланды.

    Лоттың жалпы құны 1 227 148 000 теңгені құрайды. Сипаттамада мүйіздердің ұзындығы 25 сантиметр екені көрсетілген.

    Хабарландырудағы суреттерге қарағанда, мүйіздер қораптарға салынған.

    Сатушы ретінде "Жасыл даму" АҚ көрсетілген. Сатуға Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың 2026 жылғы 30 шілдедегі бұйрығы негіз болды.

    "Жасыл даму" акционерлік қоғамы көлемі 1 (бір) тонна болатын киік дериваттарын сатсын", - делінген құжатта.

    Бұл шешім Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 22 шілдедегі № 140 бұйрығымен бекітілген киік дериваттарын сату қағидаларына сәйкес қабылданғаны атап өтілді. Бұл туралы бұйрықта жазылған.

    Құжатта мүйіздің бір келісінің құны жеке белгіленген.

    "Киік мүйізінің бір келісі үшін бағаны 2600 (екі мың алты жүз) АҚШ долларына баламалы сомада белгілеу", - деп жазылған бұйрықта.

    "Киік мүйізіне 1,2 млрд теңге": Қазақстанда ерекше лот саудаға қойылды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram