Бір айда 30 жағдай: алаяқтар eGov қызметкерлері атынан елді алдауды жиілеткен
Жарияланған күні:

Бас прокуратура қазақстандықтарды алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескертті. Бұл жолы олар өздерін eGov қызметкерлері ретінде таныстыруда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бас прокуратура мәліметінше, интернет-алаяқтықтың саны төмендегеніне қарамастан (14,8 пайыз, 17,2 мыңнан 14,6мыңға дейін азайды), қылмыскерлер азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолданып жатыр.
Тек соңғы бір айдың ішінде елімізде алаяқтардың өздерін eGov қызметкерлері ретінде таныстырған 30 жуық дерегі тіркелген.
"Әдетте алаяқтар азаматтарға олардың атынан ЭЦҚ рәсімделгені немесе өзге де әрекеттер жасалғаны туралы жалған ақпарат береді.
Одан кейін әңгімеге олардың сыбайластары қосылып, заңсыз несие рәсімдеудің алдын алу сылтауымен жәбірленушілерді өздері көрсеткен шоттарға ақша аударуға көндіреді", - дейді прокуратура өкілдері.
Осындай жағдай Тараз қаласының тұрғынының басынан өткен. Белгісіз адам өзін eGov қызметкері ретінде таныстырып, оның атына ЭЦҚ шығарылғанын хабарлаған.
Кейін WhatsApp арқылы онымен басқа адамдар байланысып, оның атына жеті банктен несие рәсімделгенін айтқан. Алаяқтардың арбауына түскен әйел үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден астам қаражат аударған.
"Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде", - дейді прокуратура өкілі.
Бас прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырады.
"Мемлекеттік органдар мен сервистердің қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты "қауіпсіз шоттарға" аударуды талап етпейді.
Бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталары мен ЭЦҚ деректерін бермеңіз, сондай-ақ белгісіз тұлғалардың нұсқауы бойынша ақша аудармаңыз.
Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, тиісті мемлекеттік органға немесе банкке ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз", - деп ескертеді олар.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2425842-bir-aida-30-zhagdai-alaiaqtar-egov-qyzmetkerleri-atynan-eldi-aldaudy-zhiiletken/
