Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    "Сақадай сай": күзде 23 мың жас сарбаз әскери борышын өтеуге аттанады

    Жастар
    Кадр: "КТК" арнасы

    Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Жалпы саны 23 мың жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттануға тиіс. Оның мыңнан астамы Алматы қаласынан. Науқан қалай жүріп жатқанын "КТК" тлшісі көріп келді.

    Биыл күзгі шақырылымда мыңнан аса алматылық бозбала сапқа тұрып сарбаз атанбақ. Бұл туралы оларға SMS жіберіледі. Тиісті хабарламаны алған жігіттер әскери басқармаға келіп денсаулығын тексертуі керек.

    "18-27 жас аралығындағы әскерге шақырылушыға СМС, 1414 арқылы хабарлама жібереміз. Сол арқылы келеді. Медициналық комиссиясын өткіземіз. Одан кейін жинақтау пунктіне барып, ол жақтан бекітіледі. Екінші рет медкомиссияда әскерге жарамды екенін тексереді. Әскерге жарамды болса, оны ары қарай командаға қойып, Қазақстан бойынша әскерге жөнелтіледі", - дейді Бостандық ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Қазыбек Шәкіров.

    Әскерге барудан жалтарғандарға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылу мүмкін. Ал Отан алдындағы борышын өтеуге құлшынысы барларға мүмкіндік көп. Онда тәртібі және алғырлығымен көзге түскенде мемлекеттік грант иеленуге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар олардың несие төлемі 14 айға дейін кейінге шегеріледі.

    "18-ге екі ай бұрын толғам. Шақыруды күттім. Ала сала, әскери басқармаға бардым. Тексерістен, медкомиссиядан өтіп, бұйырса, кешкісін Астанаға пойызбен жолға шығамыз. Қоштасуға жақындарым вокзалға келеді. Мен бағана қоштасып алдым, вокзалда көрісеміз деп", - дейді Рауан Ерланбайұлы.

    Алматы қаласындағы сарбаздарды жинақтау пунктінде әр ауданнан келген жігіттер әскерге жөнелтіледі. 45 жас өрен Отан алдындағы борышын өтеуге сақадай сай. Барлығы да медициналық бақылаудан өткен. Жақын уақытта ата-аналарымен қоштасқан соң, алдағы бір жылын Астана қаласындағы Ұлттық Ұланда өткізбек.

    Дереккөз: "КТК" арнасы

    "Сақадай сай": күзде 23 мың жас сарбаз әскери борышын өтеуге аттанады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram