Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Денсаулық сақтау министрлігі egov-те жаңа тегін сервис іске қосылғанын мәлімдеді

    Egov.kz сайты
    Egov.kz сайты. Иллюстрациялық фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    eGov.kz электрондық порталында және eGov Mobile мобильдік қосымшасында шұғыл емдеуге жатқызу туралы хабарлама жіберетін жаңа тегін сервис іске қосылды. Бұл туралы Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

    Егер адам жол-көлік оқиғасына ұшыраса, өзін кенеттен нашар сезінсе немесе басқа да себеппен ауруханаға түсіп, жақындарына өз бетінше хабарласа алмаса, енді оның емдеуге жатқызылғанынан өзі алдын ала таңдаған жақын адамдары хабардар бола алады.

    Осы мақсатта eGov порталында "Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу" жаңа қызметі пайда болды. Қолданушы емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлама жіберілетін үш адамға дейін көрсете алады.

    Жаңа қызметті қалай қосуға болады

    eGov.kz порталында:

    • порталға авторизациядан өту;
    • "Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу" қызметін таңдау;
    • сенім білдірілген адамның ЖСН-ын көрсету қажет.

    Сенім білдірілген байланыстағы адам 18 жастан асқан және Мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуға тиіс.

    Одан кейін қолданушы дербес деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісімін растап, сұрау салуды жібереді.

    Көрсетілген адамға тіркеуді растау немесе одан бас тарту туралы ұсыныс бар SMS-хабарлама келеді.

    Растау үшін SMS-хабарлама арқылы 911 кодын, ал бас тарту үшін 912 кодын жіберу қажет. Шешім қабылдауға бес сағатқа дейін уақыт беріледі.

    Егер сенім білдірілген адам тіркеуді растаса, қолданушы сұрау салуға қол қояды. Осыдан кейін тіркелген адам туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне беріледі.

    eGov Mobile мобильдік қосымшасында сервис "Мемлекеттік қызметтер" → "Денсаулық сақтау" бөлімінде орналасқан.

    Қолданушы сенім білдірілген байланыстарды тіркеу қызметін таңдап, жоғарыда сипатталған рәсімнен өтуі қажет. Өтінішті Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде өңдеу 10 минутқа дейін уақыт алады.

    Тіркеудің өзекті мәртебесі eGov.kz порталындағы "Менің бейінім – Жеке кабинет" бөлімінде, ал eGov Mobile қосымшасында "Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы" бөлімінде көрсетіледі.

    Сервис жақын адамдардың жағдай туралы ақпаратты неғұрлым жедел алып, пациентпен немесе медициналық ұйыммен дер кезінде байланысуына мүмкіндік беру мақсатында құрылды.

    Денсаулық сақтау министрлігі egov-те жаңа тегін сервис іске қосылғанын мәлімдеді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram