KAZ Minerals компаниясының Ақтоғай кен орны 1,5 млн тонна мыс өндірді
Жарияланған күні:

KAZ Minerals компаниясының Ақтоғай кен орны іске қосылғаннан бері сульфидті кеннен 1,5 млн тонна мыс өндірді. Кәсіпорын 10 жылға жуық уақыт ішінде мұндай көрсеткішке қалай қол жеткізді? Кен өңдеу көлемінің артуына не түрткі болды және бұған технология мен мамандардың қосқан үлесі қандай? Осы сұрақтардың жауабы NUR.KZ материалында.
Бұл нәтиже – Ақтоғай өндірістік кешенінің және ондағы екі кен байыту фабрикасының он жылға жуық үздіксіз еңбегінің жемісі. Ақтоғай-1 фабрикасы мыс концентратының алғашқы партиясын 2017 жылғы 28 ақпанда жөнелткен болатын. Жалпы өнім көлемінің негізгі бөлігі, яғни 1 млн тоннасы сульфидті кенді өңдейтін бірінші фабрикада, ал 500 мың тоннасы екінші фабрикада өндірілді.
Алпауыт кәсіпорын және кен өңдеу бойынша рекорд
Ақтоғай әуел бастан жаңа технологиялық деңгейдегі кәсіпорын ретінде салынды. Жобаның іске қосылуымен бірге Қазақстанға озық технологиялар мен әлемдік деңгейдегі бірегей тау-кен және байыту жабдықтары келді. Мәселен фабрикаларда сағатына 4 мың тоннадан астам кен өңдей алатын әлемдегі ең ірі конусты үгіткіштер орнатылған. Сондай-ақ мұнда әлемдегі көлемі жағынан екінші орында тұрған редукторсыз жетекті жартылай өздігінен ұсақтау диірмендері және редукторсыз жетекті әлемдегі ең ірі шарлы диірмендер жұмыс істейді. Жартылай өздігінен ұсақтау диірменінің диаметрі 13 метрге, ал шарлы диірмендердің диаметрі 8,5 метрге жетеді. Фабрикаларды қажетті көлемдегі кенмен қамтамасыз ету үшін Ақтоғай карьерінде Қазақстандағы ең ірі әрі озық техника мен жабдықтар пайдаланылады.
1,5 млн тонна мыс межесіне бүкіл Ақтоғай кешенінің өнімділігі артып жатқан кезеңде қол жеткізілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнда кен өңдеу көлемі бойынша рекорд орнатылды – 62,1 млн тонна. Бұл кәсіпорын жұмыс істей бастағаннан бергі ең жоғары жылдық көрсеткіш. Өндіріс көлемінің артуы бір ғана технологиялық шешімнің емес, бүкіл өндірістік кешенді жүйелі дамытудың нәтижесі болды.
"Бір жарым миллион тонна мыс - компания үшін орасан зор нәтиже. Оның артында Ақтоғайдың бүкіл командасының ауқымды еңбегі және технологиялық процесті елеулі жаңғырту жұмыстары тұр. Алғашқы кезеңде біз жаңа жабдықтарды игеріп, қажетті көрсеткіштерге қол жеткізуге ұмтылсақ, бүгінде фабрика жоғары сенімділікпен жұмыс істеп, автоматтандыру жүйесі айтарлықтай дамыды", - дейді №1 байыту фабрикасының өндірістік қызмет бастығы Дәурен Байжігітов.
Оның айтуынша, бұл жетістік жүздеген маманның, атап айтқанда операторлардың, технологтардың, жөндеу қызметкерлерінің, инженерлер мен жобалаушылардың еңбегінің нәтижесі.
Ақтоғай-1 фабрикасының тәжірибиесі
Ақтоғай-2 фабрикасы 2021 жылы пайдалануға берілді және бүгінде өндірілген мыс көлемі шамамен 500 мың тоннаға жетті. Екінші фабриканы іске қосу кезінде команда Ақтоғай-1-де жинақталған тәжірибені пайдалана алды. Жаңа фабрика қызметкерлерінің шамамен 40% бірінші фабрикадан ауысып, олар технологиялар мен жабдықтарды пайдалану бойынша практикалық тәжірибеге ие еді. Бұл өндірістік тізбектегі маңызды учаскелерде ықтимал тәуекелдерді алдын ала ескеруге және азайтуға мүмкіндік берді.
"Біз үшін бұл нәтиже, ең алдымен, командалық жұмыстың күшін көрсетеді. Қауіпсіздік, қызметкерлердің жоғары біліктілігі, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл және нәтижеге ұмтылу маңызды рөл атқарды. Біз бұл жетістікті бірінші және екінші фабрика деп бөлмейміз. Бұл бүкіл Ақтоғайдың ортақ жетістігі", - дейді №2 байыту фабрикасының өндірістік қызмет бастығы Алтынбек Ысқақов.
Жасанды интеллект және мамандарға басымдық беру
Бүгінде фабрикалардағы технологиялық процестердің едәуір бөлігі автоматтандырылған. Сараптамалық жүйелер ұнтақтау және флотация процестерін басқаруға, технологиялық параметрлерді бақылауға және адами фактордың ықпалын азайтуға көмектеседі. Ақтоғайда жасанды интеллектіні қолданатын шешімдер де сынақтан өтіп жатыр. Жүйе өндірістік параметрлерді талдап, мамандарға жабдықтардың оңтайлы жұмыс режимдерін анықтауға көмектеседі. Алдағы уақытта мұндай технологияларды дамыту өндіріс өнімділігі мен процестердің тұрақтылығын арттыру құралдарының бірі ретінде қарастырылуда.
Сонымен қатар Ақтоғайдағы өнімділікті одан әрі арттыру тек технологиялармен ғана байланысты емес. Негізгі бағыттардың бірі - персоналды дамыту. Қызметкерлер жаңа технологиялар, жабдықтарды пайдалану, автоматтандыру және жөндеу жұмыстарын жоспарлау бағыттары бойынша оқудан өтеді.
"Жаңа технологиялар - жақсы мүмкіндік, бірақ әрбір жаңа технологияның артында кәсіби мамандар тұруы керек. Олар онымен қалай жұмыс істеу керектігін және оны қалай дұрыс баптау қажеттігін түсінуі тиіс", - дейді №2 байыту фабрикасының өндірістік қызмет бастығы Алтынбек Ысқақов.
Ақтоғайда өндірілген 1,5 млн тонна мыс түпкі меже емес, дейді кәсіпорны өкілдері. Алдағы жоспарларда фабрикалардың тиімділігі мен жабдықтардың сенімділігін одан әрі арттыру, автоматтандыру мен цифрлық шешімдерді дамыту бар. Бұл ретте басты басымдық - қызметкерлердің қауіпсіздігі өзгеріссіз қалады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2421753-kaz-minerals-kompaniiasynyng-aqtogai-ken-orny-1-5-mln-tonna-mys-ondirdi/
