Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Тұрғындар қасбеті опырылып, Ұлдана Мырзуанның өмірін қиған үйде жаңадан сызат пайда болғанын айтты

    сызат
    Қабырғадағы сызат. Видеодан кадр: Жетінші арна

    Елордада қасбеті опырылып, фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапқан үйдің тұрғындары тағы да төтенше жағдай қайталана ма деп алаңдайды. Олардың айтуынша, басқа кіреберісте жаңадан сызат пайда болған, деп хабарлайды Жетінші арна.

    Тұрғындардың айтуынша, ғимарат конструкциясы қайтадан шыдас бермей қалуы мүмкін. Олар осыған байланысты үйді жөндеуге шұғыл қаражат бөліп, қауіпті учаскелерді қалпына келтіруді талап етіп отыр.

    "Жарық өткен аптада ғана пайда болды. Жексенбіде осыған байланысты ТЖД мамандарын шақырдық. Техникалық қабаттағы жарықты да көрсетемін. Мұның бәрін біз ойдан шығарып жатқан жоқпыз. Бізге мұны үйдің шөгуімен түсіндірді. Бірақ үй 21 жыл бойы шөге бермейді ғой. Үйдің шөгу мерзімі – ең көбі үш жыл", - дейді үй тұрғыны Константин Костенко.

    Лилия Сәрсенбекова есімді тағы бір тұрғын 28 қарашада үйдің қасбеті опырылып, жас фельдшер Ұлдана қаза тапқанын еске салып, алаңдаушылығын білдірді.

    "Енді билік біздің мәселемізге назар аудармай отыр. Біз күн сайын қауіппен өмір сүріп жатырмыз. Кез келген сәтте тағы да опырылуы мүмкін. Техникалық қорытындыда да үйдің апат алдындағы жағдайда екенін көрсетті", - дейді ол.

    Жағдайға қатысты телеарна тілшісіне Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің аппараты өкілі жауап берді.

    "Әкімдік опырылу болған учаскеде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабырға техникалық қабат арқылы металл арқалықтармен қосымша нығайтылды. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта қайта опырылу қаупі жоқ. Сондай-ақ қауіпсіздік мақсатында ғимараттың екінші шетіне қорғаныш металл қалқа орнатылды. Қазіргі уақытта қасбетті кешенді жөндеуге қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр", - деді ол.

    Үй тұрғыны Бақытгүл Ізтілеуованың айтуынша, техникалық сараптамада үйді салған кезде қателік кеткен.

    "Бірақ тек Жұбаниязоваға байланысты іс қозғалып жатыр. Неге үйді салған құрылыс мекемесі бойынша іс қозғалмаған? Неге сот болмай жатыр, соны біз түсінбейміз", - деп сұрақ қойды тұрғын.

    Олар он ай бойы мемлекеттік органдарға үйдің құлауы бойынша әртүрлі өтініш жазған. Әзірге ешқандай жауап жоқ.

    Тұрғындар қасбеті опырылып, Ұлдана Мырзуанның өмірін қиған үйде жаңадан сызат пайда болғанын айтты

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram