Қазақстандық журналист Жоламан Бошалақ қайтыс болды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Белгілі журналист, ақын, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жоламан Бошалақ өмірден озды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына (ҚКО) сілтеме жасап хабарлайды.
ҚКО-ның ресми Telegram-арнасындағы ақпаратқа сәйкес, 1943 жылы Атырау облысы Ембі ауданы Тұрғызба ауылында дүниеге келген Жоламан Бошалақтың ғұмыры мен шығармашылық жолының елеулі бөлігі Маңғыстау өңірімен тығыз байланысты болды. Ол журналистика саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, облыстық телевизия мен баспасөздің дамуына айрықша үлес қосты.
Әр жылдары Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында, "Коммунистік жол", "Маңғыстау" газеттерінде, сондай-ақ "Егемен Қазақстан" газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқарып, өңірдің тыныс-тіршілігін ақпарат кеңістігінде кеңінен насихаттады. Әсіресе "Маңғыстау" газетіне басшылық еткен жылдары аймақ журналистикасының дамуына елеулі еңбек сіңірді.
"Жоламан Бошалақ – кәсіби журналистикаға адалдығымен, қаламгерлік қарымымен және азаматтық ұстанымымен әріптестерінің құрметіне бөленген аға буын өкілі. Оның өңір журналистикасына сіңірген еңбегі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған шығармашылық мұрасы ел жадында сақталады.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", - делінген Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы хабарламасында.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2421420-qazaqstandyq-zhurnalist-zholaman-boshalaq-qaitys-boldy/
