Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Бар арманым осы": Түркістан облысында мүгедектігі бар жан жол азабын тартып отыр

    1-топтағы мүгедектігі бар Пәрімбек Сейітбеков
    1-топтағы мүгедектігі бар Пәрімбек Сейітбеков. Фото: КТК телеарнасы

    Түркістан облысында көшедегі жолдардың нашарлығынан мүгедектігі бар жандар далаға шыға алмай отыр. Қазығұрт ауданындағы Қақпақ ауылында бір ғана мүмкіндігі шектеулі тұрғын ондаған мүгедек арбасын сындырған. Одан бөлек тұрғындар таза су ала жаздай тәулігіне бір-екі сағатқа ғана берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

    Қазығұртқа қарасты Қақпақ ауылында жол мәселесі өршіп тұр. Мұнда жол бір көшеде бар, екіншісінде жоқ. Асфальт болмаған соң, жұрт өз есебінен шағал тас төсеп үйренген. Бірақ оның өзін жыл сайын тегістемесе, жазда шаңы, қыста ми балшығы шығып жатады.

    Соқпақтың сарсаңын көріп жүрген Сейітбековтер отбасы 1-ші топтағы Пәрімбек үшін бір жылда онға жуық мүгедек арбасын ауыстыратынын айтады. Нашар жолдан тез бұзылатын арбалар қорада тау болып үйіліп жатыр. 

    "Бізде жол өте нашар. Шығады да, тасқа тіреліп, қирап қалады. Бұның сайманы біріне-бірі келмейді. Бір бұзылған арбаны тастай саламыз, жарамсыз болады. Ал үкіметтен жеті жылда тек біреу аламын. Жаным ауырады, жүрегім емес, арбаны көріп", - дейді тұрғындардың бірі Рахия Сейітбекова.

    I топтағы мүгедек Пәрімбек Сейітбековтің айтуынша, қазіргі бар арманы жол екенін айтады.

    "Қиыншылық болғанда сынады. Балалар әкеліп тастайды. Лай-балшықта жүремін, шыдай алмаймын. Жол керек. Арманым да сол", - дейді ол.

    Жолдан бөлек, тағы бір бас ауруы — ауыз су мәселесі. Әсіресе сарша тамызда тіршілік нәрі сағаттап қана беріледі екен. Оның өзінде қай уақытта су келетінін нақты білмейді. Айналдырған екі сағаттың ішінде үйіндегі бар ыдысты суға толтырып алып, үнемдеп тұтынуға мәжбүр.

    "Қай уақытта келеді деп, суды аңдып отырамыз. Су келген кезде ыдыстың бәрін толтырамыз. Кей кезде екі күнде, кейде үш күнде келеді. Сол кезде сусыз қалмайық деп, ыдыстарды суға толтырамыз", - дейді Несібелі Таңсықбаева.

    Қақпақ ауылында бірнеше жыл бұрын көгілдір отын мен тіршілік нәрі тартылғанда тұрғын үйдің біразына тартылмай қалған. Тұрғындар ол туралы ауыл мен аудан әкімдігіне сан мәрте хабарластық деп отыр. Шенеуніктер де "реттеп береміз" деген уәдені жылдар бойы желеу етіп келеді дейді. Ауылдағы қордаланып қалған мәселе бойынша келген жауаптылар су мен газдан шет қалғандарды жуық арада түгендеп береміз дейді. Жол жөндеуге ақша бөлгенімен, тиісті мердігер келісімді орындамай, енді соттасып жатыр екен.

    "Аталған жолдарды "Тәуекел групп" ЖШС-гі ұтып алған. 138 млн теңгеге келісімшарт жасалып, 2025 жылдан биылға өтпелі болып түзілген. Қазір мердігерді сотқа бердік, келісімшарт бойынша мерзімінде бітіру үшін Түркістан облысы экономикалық сотына талап-арыз беріп қойғанбыз", - дейді Қазығұрт ауданы ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұрбол Байқұлов.

    Жауаптылар ауылдағы бірнеше көшені асфальттау "осы жылдың соңына дейін жоспарда бар" екенін, сондай-ақ су мәселесі де "жыл бітпей шешілетінін" уәде еткен. Ол үшін ауыл іргесінен 275 метрлік ұңғыма да қазып қойылған. Енді сол ұңғыманы ауыз су құбырына жалғаса, қақпақтықтар тіршілік көзінен тарықпайды деп ант-су ішіп отыр.

    "Бар арманым осы": Түркістан облысында мүгедектігі бар жан жол азабын тартып отыр

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram