"Апалы-сіңлі қазақстандықтардың денесі елге жеткізілді": қыздардың әкесі қауесеттерге нүкте қойды
Жарияланған күні:

Біріккен Араб Әмірліктеріне күнкөріс қамымен кетіп, өз пәтерінде өлі табылған апалы-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыз Боханованы туыстары, ет-жақындары Астанада арулап жерледі. Таяуда арнайы чартер рейспен Шарджа қаласынан қыздардың мәйітін әкелері алып келген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаға сұхбат берген қыздардың әкесі бұған дейін айтылған болжамдардың бірі де расталмай шыққанын айтады.
"Қыздардың денесін ДНК-мен ғана алғызды. Қыздарды маған көрсеткен жоқ. "Сот әлі біткен жоқ" деді. "Сот біткен соң ғана аласыңдар" деді. Оған қарамай, елшіліктің жігіттері көмектесіп, түсіндірдім, енді жерлеу керек қой деп, елге жеткізілуіне бар күшін салып, Алланың қалауымен, түнгі сағат төртте үйге келдік", - дейді Мейрам Боханов.
Әмірлік жеріне табаны тие сала, марқұмдардың әкесі қыздардың денесі сақталған мәйітханаға асыққан. Мұнда Ақжан мен Жұлдыздың неден қайтыс болғаны жазылған бір жапырақ қағаз қолына ұстатылыпты. Әкенің сөзінше, желідегі қағба жанында суреті тараған жігіттің қылмысқа қатысы бар-жоғы нақты анықталмаған. Қыздарының "біреудің үшінші, төртінші әйелі болып тұрмысқа шығыпты" дегені де қауесет.
"Желіде шығып жатқан ақпараттың барлығы өтірік. Ешкімге сенбеңіздер, ешқандай қинап өлтірмеген. "Пышақтап өлтірді "деп жатыр, мен жаңа өзім ашып қарадым. Енді қалай өлтірілгенін білмейміз ғой, "жүрегі тоқтаған" дейді. Ешқандай құрал пайдаланбаған. Қағаздарын, барлығын көрдім. Қыздардың жүрегі арнайы дәрі беріп тоқтады ма, әлде буындырып өлтірді ме, ол жағы белгісіз", - дейді ол.
Әмірлік таратқан ақпарға сәйкес, қазір қылмыскер ұсталған. Ол — Қазақстан азаматы. Қылмысы дәлелденген жағдайда, Әмірлік заңына сәйкес, әкесіне де, көкесіне де қарамай, ату жазасына кесілуі мүмкін. Ал қара жамылып отырған отбасы осы ретте қолғабыс жасаған КТК телеарнасы мен сыртқы істер министрлігіне алғыс айтты.
"Қазақстан азаматтарына рақмет! Барлығы хабарласып жатыр. Ақшалай керек пе, былай керек пе, барлығы сұрап жатыр. "Ештеңе керек емес" дедім. Елшіліктен тегін жеткізіп бердім. КТК арнасына да рақмет, ат салысып жатыр", - дейді қара жамылған әке.
Бұл қылмыстың әлі ашылмаған көмескі тұсы көп. Қылмыс желісін қалпына келтіріп, барлық эпизодты анықтау үшін біраз жұмыс істеуге тура келеді. Қазір Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елшілік арқылы, ал Әмірлік құзырлы органдары өз тарапынан қылмыстық істің толық әрі жан-жақты тергелуіне ат салысып жатыр. Қаралы шаңыраққа ауыр тиіп тұрғаны қыздарына қатысты орынсыз қауесет пен өсек-аяңның тарауы. Олар болған оқиғаға қатысты ақиқат толық анықталып, марқұм қыздардың атына алып-қашпа әңгімелердің ермегенін қалайды.
Дереккөз: КТК телеарнасы.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2420961-apaly-singli-qazaqstandyqtardyng-denesi-elge-zhetkizildi-qyzdardyng-akesi-qauesetterge-nukte-qoidy/
