Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Алматы ипподромы қайтадан қала қарамағына өтті

    Алматы ипподромы
    Алматы ипподромы. Фото: Алматы әкімдігі

    Алматы ипподромы қала меншігіне қайтарылды. Бұдан былай қалалық ипподром тарихи және спорттық мақсаттағы біртұтас нысан ретінде сақталады.

    Алматы спорт басқармасының өкілдерінің мәліметінше, қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында ипподром аумағы тиісті функционалдық аймаққа бекітілген.

    "Оны өзгерту жоспарда жоқ. Жер телімінің де ипподромды пайдалану және оған қызмет көрсетуге арналған нысаналы мақсаты сақталады.

    Алдағы уақытта ипподромды кешенді дамыту тұжырымдамасы әзірленеді.

    Оның спорттық қызметін қалпына келтіру, инфрақұрылымын жаңғырту, трибуналарын, ат қораларын, спорт жолдарын және инженерлік желілерін жаңарту жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.

    Ведомствоның мәліметінше, тұжырымдаманы әзірлеу кезінде заманауи спорт инфрақұрылымына қойылатын талаптар ескеріледі. Нысан өзінің негізгі мақсатын және қалалық әрі республикалық жарыстар өткізу мүмкіндігін сақтауға тиіс.

    "Қазіргі уақытта кешен қатты тозып кеткен, сондықтан оны қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі", - деп хабарлады басқарма.

    Алматы ипподромы 1930 жылы құрылған және Қазақстан мен Орталық Азиядағы жылқы шаруашылығы мен ат спортына арналған байырғы нысандардың бірі болып есептеледі. Оның аумағы — 39,1 гектар.

    Тарихи тұрғыдан ипподром шамамен 3 мың көрерменге және 300-ге жуық жылқы ұстауға есептелген. Күрделі жөндеу жұмыстары 1965 және 1985 жылдары жүргізілген. 1990 жылдардағы жекешелендіру нәтижесінде ипподром мемлекеттік меншіктен шығарылды.

    2001 жылы "Ипподром" АҚ банкрот болғаннан кейін мүліктік кешен жеке құрылымдарға сатылып кеткен еді. Бұл қоғам белсенділері, атбегілер мен ат спорты жанкүйерлерінің наразылығын тудырды.

    Алматы ипподромы қайтадан қала қарамағына өтті

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram