Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Каспий теңізінде екі жасөспірімді құтқарған маңғыстаулықтар марапатталды (фото)

    Каспий теңізінде жоғалып кеткен балаларды құтқару сәті
    Каспий теңізінде жоғалып кеткен балаларды құтқару сәті. Кадр видеодан: instagram.com/seidakhmet_bekzat

    Маңғыстау облысы ПД бастығы теңізде жасөспірімдерді құтқарған Қызылөзен ауылының тұрғындарын марапаттады, деп хабарлайды Polisia.kz.

    27 тамызда сағат 08:32 шамасында Қызылөзен ауылының теңіз жағалауында сапбордпен жүрген екі жасөспірімді қатты жел ашық теңізге қарай алып кеткен. Олар жағадан едәуір қашықтыққа ұзап кеткен.

    Болған жайтты естіген Алмас, Ержан және Азамат есімді ауыл тұрғындары уақыт жоғалтпастан, көмекке аттанған. Қолайсыз ауа райына қарамастан, азаматтар жасөспірімдерді тауып, оларды аман-есен жағаға алып шықты. Тұрғындардың жедел әрекеті мен жанкештілігінің арқасында оқиға қайғылы жағдайға ұласпады, айналмады.

    Марапатталған маңғыстаулықтар
    Марапатталған маңғыстаулықтар. Фото: polisia.kz

    Бүгін, 28 тамызда Маңғыстау облысы ПД бастығы Сағындық Аяғанов құтқарушылармен жеке кездесіп, көрсеткен батылдығы, шешімділігі және көмегі үшін алғысын білдірді.

    "Сіздердің бұл әрекетіңіз – нағыз азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Сын сағатта бей-жай қалмай, дереу көмекке келіп, екі адамның өмірін сақтап қалдыңыздар", - деп атап өтті департамент бастығы.

    Сағындық Аяғанов Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиевпен бірге азаматтарға алғыс хаттар, ІІМ эмблемасы бейнеленген қолсағаттары және естелік сыйлықтар табыстады.

    Полиция департаменті басшылығы Қызылөзен ауылы тұрғындарына ризашылығын білдіріп, олардың әрекеті батылдықтың, өзара көмектің және азаматтық жанашырлықтың лайықты үлгісі екенін атап өтті.

    Еске салсақ, кеше Каспий теңізінде сапбордпен жүзген екі бала жоғалып кеткенін жазған едік. Кенеттен жел көтеріліп, сапбордта отырған балалар ашық теңізге кетіп қалған. Маңғыстау облысының тұрғындары балаларды өз бетінше іздеп, аман-есен тауып алған.

    Каспий теңізінде екі жасөспірімді құтқарған маңғыстаулықтар марапатталды (фото)

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram