Ұлдана Мырзуанның өлімінен соң Тоқаев марапаттаған ТЖД қызметкерінің лауазымы төмендеген
Жарияланған күні:
Читать на русском
Астана сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс қаралуда. Сот отырысында адамдарды құтқарған Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің жұмыстан босатылғаны және қызметінде төмендетілгені белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
ТЖД қызметкері Аян Кемпіров сотқа куәгер ретінде шақырылды. Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні диспетчер оларды оқиға орнына жіберген. Оларға қыз баланың үстіне кондиционер құлағаны туралы хабарланған.
"Біз 4 минутта жеттік. Барғанымызда екі жедел жәрдем көлігі тұрды. Жедел жәрдем қызметкерлері қызды зембілмен алып бара жатты. Оның үстіндегі қызыл формасына қарап, жедел жәрдем қызметкері екенін түсіндік", - деді ол.
"Біз барлау жұмыстарын жүргіздік. Ол күні қатты көктайғақ болып, қар жауып тұрды. Дүкеннің ішкі жағында, артқы есіктің алдында тағы екі адамның жатқанын байқадық. Ол жерде қабырға құлап, кірпіштер, профлистер шашылып жатқанын және кондиционерлер жатқанын көрдік. Біз зардап шеккендерді шығарып, дүкенге кіргіздік. Олар ес-түссіз жатты, кейін дәрігерлер көмек көрсете бастады. Содан соң полиция келіп, оқиға орнын қоршауға алды", - деді Аян Кемпіров.
Жауап алу барысында адам құтқарғаннан кейін оның атқарған лауазымы төмендетілгені анықталды.
"Қазіргі қызметім – өрт сөндіруші, мені төмендетті. Бұған дейін бөлімше командирі болдым. Осы оқиғаға байланысты қызметімді төмендетті. Рапорт жазуды бұйырып, басқа бөлімге ауыстырды", - деді құтқарушы.
Ол қызметінің не себепті төмендетілгенін білмейтінін айтты. Онымен бірге шақыртуға тағы үш құтқарушы барған. Оның сөзінше, қарауыл бастығы қайғылы оқиғадан кейін жұмыстан босату туралы арыз жазған, ал тағы бір қызметкер басқа өңірге ауысып кеткен. Төртінші құтқарушының ғана қызметі өзгеріссіз қалды.
Айта кетейік, Аян Кемпіров 2022 жылы ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған. Ол Астанадағы өртенген пәтерден және тұрғын үйдің түтін басқан бөліктерінен бірнеше адамды құтқарып, өз өмірін қатерге тіккен еді. Сол кезде құтқарушы күйік алған.
Зардап шеккен өрт сөндірушілер Аян Кемпіров пен Асқар Забикулинді марапаттау туралы жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2419200-uldana-myrzuannyng-oliminen-song-toqaev-marapattagan-tzhd-qyzmetkerining-lauazymy-tomendegen/
