Құтқарушылар өмірін сақтап қалуға көмегі зор: Павлодарда өрт сөндіруші робот пайда болды (видео)
Жарияланған күні:

Қашықтан басқарылатын құлтемір жарылыс қаупі бар немесе қалың түтін басқан жерлердегі жалынды сөндіруге қолданылады. Мамандар "оның құтқарушылар өмірін сақтап қалуға көмегі зор" деп бағалап отыр. Робот отпен қалай күресетінін "Хабар" агенттігінің тілшісі біліп қайтты.
Өрт сөндіруші робот павлодарлық құтқарушылар қатарына жақында ғана қосылды. Әлі іс жүзінде өрт сөндіру жұмыстарына қатысқан жоқ. Дегенмен құлтемірдің мүмкіндігін мамандар оқу-жаттығу кезінде сынақтан өткізді. Техника ең қиын жағдайларда жұмыс істеуге дайын.
"Кез келген төтенше жағдай бойынша хабарлама түскенде бұл робот жұмыс істеуге дайын. Біздің өңірде мұнай зауыты және басқа да химиялық зауыттар бар, яғни өндіріс орындары бар. Бұл робот сондай өрттерді сөндіру үшін, жанар-жағармай тұратын резервуарларды сөндіру үшін шығарылған", - дейді ТЖД Өрт сөндіру қызметі жедел кезекшінің орынбасары Азамат Қанағатов.
Робот жанармаймен жүреді. Қуатты қозғалтқыш техниканың кедергілерді оңай еңсеруіне мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда бұл роботпен өзге көліктерді сүйреуге де болады.
"Жанармаймен жүретін қозғалтқыштың артықшылығы – ол суықта қатып қалмайды. Робот — 20-дан +40 градусқа дейінгі температурада жұмыс істей алады. Кез келген ауа райына төзімді. Тағы бір артықшылығы – мұнда дөңгелек емес, шынжыр табан орнатылған. Мұзда немесе батпақта сенімді қозғалып, салмағы бір тоннаға дейінгі техниканы сүйреп кете береді", - дейді ТЖД өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары Әділ Сқақов.
Роботты бір шақырым қашықта тұрып пультпен басқаруға болады. Құлтемірге тепловизор мен бейнекамера орнатылған. Соның көмегімен құтқарушылар өрттің ошағы мен таралу аумағын алыстан бақылай алады. Көбік. пен суды нақты қажет жерге бағыттайды.
Автор: Елдос Кәкенов
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2418366-qutqarushylar-omirin-saqtap-qaluga-komegi-zor-pavlodarda-ort-sondirushi-robot-paida-boldy-video/
