Алакөлдегі демалысынан бас тартуға тура келген отбасы алдын ала жасаған төлемді әрең қайтарып алды
Жарияланған күні:

Абай облысында Алакөл көлінің жағалауында орналасқан демалыс базасы демалуға келе алмаған отбасына алдын ала төлемді қайтаруға мәжбүр болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне сілтеме жасап.
Биыл тамыздың басында Абай облысы Алакөл көлінің жағалауында орналасқан демалыс базаларының бірінде демалуды жоспарлаған отбасы нөмірді алдын ала брондау үшін 100 000 теңге көлемінде алдын ала төлем жасап қойған. Алайда отбасы мүшелерінің бірінің денсаулығына байланысты олар сапардан бас тартуға мәжбүр болған.
Туындаған жағдайға байланысты олар қызметті пайдалана алмаған және орындаушыға броньнан бас тартатыны туралы хабарлаған.
Демалыс базасының басшылығы ақшалай қаражатты қайтарудан бас тартқан.
Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңының 8-1-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес, шартты бұзған жағдайда көрсетілмеген тауар (жұмыс, қызмет) үшін төленген ақшалай соманы қайтармау құқығын сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) беру тұтынушылардың құқықтарын бұзатын және оларға нұқсан келтіретін шарттарға жатады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сотқа дейінгі шағымды дайындауға жәрдем көрсетіп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтарды қорғау тәртібін түсіндірді.
Шағымды қарау нәтижесінде демалыс базасының басшылығы тұтынушылардың талаптарын ерікті түрде қанағаттандырып, алдын ала төленген қаражатты толық көлемде қайтарды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2417907-alakoldegi-demalysynan-bas-tartuga-tura-kelgen-otbasy-aldyn-ala-zhasagan-tolemdi-areng-qaitaryp-aldy/
