Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Кей қазақстандықтар үшін 1 қыркүйектен бастап төлқұжат рәсімдеу тәртібі өзгереді

    Көрнекі сурет
    Қазақстан паспорты. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Петр Карандашов

    Шетелде жүрген қазақстандықтар үшін төлқұжат рәсімдеуде жаңа ереже енгізіледі. Заңға өзгерістерді Сыртқы істер министрлігі дайындады, ол 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Нормативтік құқықтық актілердің Эталондық бақылау банкі сайтында Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың бұйрығы жарияланды. 1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген Қазақстан азаматтарына төлқұжат дәл осы бұйрық бойынша рәсімделмек.

    Өзгерістер кімдерге қатысты

    Жаңа тәртіп бойынша төлқұжатты шетелде тұратын азаматтар, студенттер мен еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер, Қазақстаннан тыс жерде туған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері алады. Сондай-ақ бұйрық шетелде тұратын шетел азаматтарының отбасы мүшелеріне, дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің туыстарына қатысты. Бұдан бөлек құжаттың егде жастағы адамдарға, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жақындарына күтім жасайтын азаматтарға қатысы бар. Бұдан басқа тізімге шетелде ұсталған, қамауда отырған немесе жазасын өтеп жатқан адамдар енгізілді.

    Төлқұжатты рәсімдеудің жаңа мерзімдері

    Бұйрықта көрсетілгендей, шетелде жүрген қазақстандықтар үшін шетелдегі мекемелер арқылы төлқұжат рәсімдеудің жаңа мерзімдері белгіленеді. Консулдықтың арнайы цифрлық жүйеге қолжетімділігі болған жағдайда, төлқұжат мемлекеттік қызмет аясында 40 жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Егер жүйеге қолжетімділік болмаса, мерзім 90 күнтізбелік күнге дейін ұзарады.

    Ережеге сәйкес, құжаттардың толық пакетін тапсырған кезде консулдық азаматтың мәліметтерін тексереді және жүйеде электрондық өтінімді қалыптастырады, одан кейін құжаттар ІІМ Көші-қон қызметі комитетіне жіберіліп, онда бес жұмыс күні ішінде тексеріледі. Егер қате анықталмаса, электрондық өтінім төлқұжатты дайындауға беріледі. Мәліметтерде сәйкессіздіктер, фотосуретте немесе қолтаңбада мәселе туындаса, құжаттар қайта өңдеуге қайтарылады. Ескертулерді жоюға бес жұмыс күні беріледі. Егер мәселені жою үшін азаматтың өзінің қатысуы қажет болса, мерзім 10 жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.

    Балаларға арналған ережелер және басқа да өзгерістер

    14 жасқа толмаған, төлқұжатты алғаш рет алатын және ЖСН-і жоқ балалар үшін бөлек тәртіп жазылған. Бұл жағдайда консулдық ЖСН қалыптастыруға бастамашылық жасайды. ІІМ оны екі жұмыс күні ішінде қалыптастыруы немесе қалыптастырудан бас тартуға тиіс. Ережелер сондай-ақ консулдықта қызмет көрсету уақытын да белгілейді: құжаттарды тапсыру кезінде күту уақыты 30 минуттан, ал тікелей қызмет көрсету 10 минуттан аспауы керек.

    Кей қазақстандықтар үшін 1 қыркүйектен бастап төлқұжат рәсімдеу тәртібі өзгереді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram