Қазақстанның ең қарт тұрғыны дауыс беруге келді: оның жасы 116-да (фото)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстанның ең қарт тұрғыны, 116 жастағы Түймегүл Темірбаева Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс беруге келді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлытау облысы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлытау облысы әкімдігінің Instagram парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Түймегүл апа Ұлытау облысының Қызылжар ауылында тұрады және Қазақстандағы ең қарт азамат саналады. 1910 жылы дүниеге келген Түймегүл апа биыл 116 жасқа толды.
Түймегүл Темірбаеваның ел үшін маңызды қоғамдық-саяси науқанға қатысып, азаматтық ұстанымын білдіруі ел болашағына деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі әрі барша азаматқа үлгі боларлық өнеге болды.
Түймегүл апа өмірінің басым бөлігін отбасына және адал еңбекке арнаған. Жолдасы Аязбай Темірбаевпен бірге жылқы өсірумен айналысып, ғұмыр бойы маңдай терімен еңбек етті. Бүгінде ол 15 немере мен 25 шөберенің сүйікті әжесі.
Ұзақ жасаудың сыры туралы сұрағанда, Түймегүл апа оның мәні адал еңбекте, ізгі ниетте және жақындарға деген сүйіспеншілікте екенін айтады. Бұған дейінгі сұхбаттарында Түймегүл апа әлі күнге дейін үй шаруасына араласатынын, құрт жасайтынын және қолынан келгенше шаруашылық жұмыстарын атқаратынын айтқан.
Дауыс беру кезінде ұзақ жасаған ана елге ізгі тілегін білдіріп, ұрпақтарына денсаулық пен амандық, елге тыныштық, ал Қазақстанға жарқын болашақ тіледі.
"Ұрпағымыз аман-сау болсын, елімізде бейбітшілік болсын. Еліміздің болашағы жарқын болсын", – деп тілек білдірді Түймегүл апа.
Түймегүл апаның таңдауы – жай ғана бір дауыс емес. Ол ғасырдан астам тарихты көрген адамның ел болашағына бағытталған ақ батасындай болды.
Айта кетейік, Түймегүл Темірбаева бұған дейін де қоғамдық маңызы бар науқандарға қатысқан. 2026 жылғы республикалық референдум кезінде де ол арнайы жылжымалы дауыс беру жәшігінің көмегімен өз таңдауын жасаған.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2416598-qazaqstannyng-eng-qart-turgyny-dauys-beruge-keldi-onyng-zhasy-116-da-foto/
