Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Робот, би, Бозоқ аруы, шенеуніктер: Құрылтай сайлауында дауыс беруге кімдер келіп үлгерді (фото, видео)

    Дауыс беруге келгендер
    Коллаж: NUR.KZ / Жұлдыз Кенжеғалиева

    Желіде сайлау учаскелеріне ерекше кейіпте келген қазақстандықтардың фотолары мен видеолары тарала бастады. KAZ.NUR.KZ осы уақытқа дейін дауыс беруге келіп, көптің назарына іліккен тұрғындар мен шенеуніктерді назарға ұсынады.

    Ерекше кейіптке келгендер

    Халат киген ару мен робот

    Қазақстандағы бірде бір сайлау дауыс беруге ерекше киім киіп келген азаматтарсыз өтпейді. Бұл жолы Астанадағы сайлау учаскесіне ерекше жұп келді – халат киіп, басына орамал ораған бойжеткен мен робот. Бұл сәттен видео myastanacity Telegram-арнасында жарияланды.

    Бозоқ аруы

    Қосшы қаласындағы №740 сайлау учаскесіне Қосшы қаласы Аналар кеңесінің төрайымы Әйгерім Асхатқызы Бозоқтан табылған қыпшақ аруының бейнесін жаңғыртатын ұлттық киім киіп келді.

    "Бозоқ аруы" – 800-ге жуық інжу-маржанмен көмкерілген тарихи бейне. Елорда іргесіндегі ежелгі Бозоқ қаласында жүргізілген археологиялық қазба кезінде табылған қыпшақ аруы қазақ даласының бай тарихы мен мәдени мұрасының бір белгісі саналады", - деп жазылған Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметі жария еткен видеода.

    Би

    Әлішер Әзімбаев
    Әлішер Әзімбаев. Фото: СІМ

    Бұған дейін Токиодағы сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып келген отандасымыз Әлішер Әзімбаев қазақ қоғамындағы әділеттілік, заңдылық пен даналықтың символы — Би кейпінде дауыс бергенін жазған едік.

    Шенеуніктерден кім дауыс беріп үлгерді

    Премьер-министр Олжас Бектенов

    Олжас Бектенов
    Олжас Бектенов. Фото: Үкімет

    Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанның жаңа бір палаталы Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауында дауыс беруге қатысты.

    Астана әкімі Жеңіс Қасымбек

    Жеңіс Қасымбек
    Жеңіс Қасымбек. Фото: jenis_qasymbek

    "Бүгін Қазақстан Құрылтайы депутаттарының сайлауында дауыс бердім. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға. Жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органға айналады.

    Мемлекет басшысы атап өткендей, "Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ", - деді Астана әкімі.

    Алматы әкімі Дархан Сатыбалды

    Дархан Сатыбалды
    Дархан Сатыбалды. Фото: darkhan_satybaldy_official

    "Біз тарихи сәттің – Құрылтайдың алғашқы сайлауының куәсі әрі қатысушысымыз. Еліміз өзінің саяси тарихындағы жаңа кезеңге қадам басты.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлау алдындағы үндеуінде атап өткендей, біздің болашағымыз әрқайсымыздың саналы таңдауымызға байланысты.

    Қазақстанның жарқын келешегі әр азаматтың жауапкершілігі мен адалдығынан басталады. Әрбір алматылықты сайлауға қатысып, ел болашағы үшін дауыс беруге шақырамын!", - деді Дархан Сатыбалды.

    Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев

    Ермек Көшербаев
    Ермек Көшербаев. Фото: t.me/pressmfakz

    Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев #514 сайлау учаскесінде дауыс берді.

    Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек

    Саясат Нұрбек
    Саясат Нұрбек. Фото: t.me/SayasatNurbekOfficial

    "Бүгін Құрылтай сайлауында өз таңдауымды жасадым. Сайлау учаскесіне келген сайын мына нәрсені ойға аламын — мемлекеттің болашағы үлкен шешімдер ғана емес, әр азаматтың жеке таңдауынан да қалыптасады... Сайлау - бір күн. Ал бүгін жасаған таңдауымыздың нәтижесі алдағы жылдарға әсер етеді.

    Сондықтан бүгін учаскеге министр ретінде емес, ең әуелі өз елімнің болашағына бейжай қарамайтын азамат ретінде келдім. Еліміздің ертеңі парасатты шешімдерге, білімге және ортақ жауапкершілікке негізделсін", - дейді Саясат Нұрбек.

    Робот, би, Бозоқ аруы, шенеуніктер: Құрылтай сайлауында дауыс беруге кімдер келіп үлгерді (фото, видео)

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram