Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    "Баланың өмірін ғана ойладым": 13 жастағы қарағандылық сын сағатта тайсалмай, кішкентай баланы құтқарып қалды

    Негмет Исмағұлов және Нұралы Әлхан
    Негмет Исмағұлов және Нұралы Әлхан. Фото: polisia.kz

    Қарағандыда 13 жастағы Нұралы Әлхан суға батып бара жатқан төрт жасар баланы құтқарып қалған. Жас батырды облыстық ПД бастығы Негмет Исмағұлов қабылдап, алғыс айтты. Бұл туралы Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

    ІІМ-нің ақпараттық медиапорталының жазуынша, оқиға тамыз айының басында Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғы көлінде болған.

    Кенеттен соққан қатты желдің салдарынан төрт жасар бала отырған үрмелі матрас аударылып, ол суға құлап кеткен. Сол сәтте жағалауда болған 9-сынып оқушысы Нұралы Әлхан ойланбастан көмекке ұмтылып, оны судан шығарып алған.

    Жасөспірімнің ерлігі туралы әлеуметтік желіден білген Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұлов Нұралыны анасымен бірге кездесуге шақырған.

    "Балаңыздың ерлігі туралы әлеуметтік желіден оқып, ерекше риза болдым. Сын сағатта тайсалмай, төрт жасар баланы құтқарған Нұралының батылдығы көпке үлгі. Осындай ержүрек азамат тәрбиелеп отырған ата-анасына алғысымды білдіремін. Балаларыңыздың болашағы жарқын болсын", - деді ПД бастығы.

    Кездесу барысында Негмет Исмағұлов алты баланы тәрбиелеп отырған Нұралының анасы Самал Абдрахмановаға алғыс хат табыстады.

    "Сол сәтті қайта еске алудың өзі қиын. Анасы ретінде балам үшін алғашында қатты қорықтым. Бірақ оның баланы судан аман алып шыққанын естігенде, бойымды мақтаныш сезімі кернеді. Ұлымның ерлігін ескеріп, құрмет көрсеткен полиция департаментінің басшылығына алғысымды білдіремін", - деді Самал Абдрахманова.

    Ал Нұралы барлығы күтпеген жерден болғанын айтады.

    "Бала алғашында үрмелі матраспен жүзіп жүрген. Кейін желден матрас аударылып, ол суға құлап кетті. Бірден құтқаруға ұмтылдым. Менің бес бауырым бар. Сондықтан сол сәтте оның орнына өз бауырларымды елестеттім. Тек баланың өмірін ғана ойладым, ешқандай марапат туралы ойлаған жоқпын", - деді жасөспірім.

    Көрсеткен батылдығы мен табандылығы үшін полиция департаментінің бастығы Нұралы Әлханға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нышаны бейнеленген қолсағат сыйға тартты. Сондай-ақ оның бауырларына да сыйлықтар берілді.

    Сонымен қатар Негмет Исмағұлов жас батырға оқуында табыс, зор денсаулық және жарқын болашақ тіледі. Ол Нұралының батылдығы мен жауапкершілігі алдағы уақытта да игі істерге негіз болатынына сенім білдірді.

    "Баланың өмірін ғана ойладым": 13 жастағы қарағандылық сын сағатта тайсалмай, кішкентай баланы құтқарып қалды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram