Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Қазақстанда грантта оқыған түлектерге талап күшейді: жұмыс таппағандар қайтпек

    Ноутбук алдында отырған қыз
    Басын ұстап отырған қыз. Көрнекі фото: Рexels.com

    Қазақстанда мемлекеттік грант арқылы оқыған түлектерге қойылатын талап күшейді. Кейбір мамандықтар бойынша кемі 5 жыл еңбек етуі керек. Әйтпесе гранттың қаржысын қайтарады. Ал жұмыс таппағандар қайтпек? Бұл сұраққа "Астана" тілшісі жауап іздеп көрді.

    Ақтан Олжатайқызы — мемлекеттік грант иегері. Ол оқуын аяқтай салысымен созбалаңға салмай, бірден іске кіріскен. Осы жылы заңмен жүктелген 3 жылдық міндеттемесін толық өтеді.

    "4 жыл оқудың және стипендияның ақшасын қайтару керек дегеннен кейін бірден оқу бітірмей жатып, диплом алмай жатып, жұмысқа орналасып, сол бойынша жұмыс жасадық. Жастарға жұмысқа бірден тұрып кетуге мотивация сияқты", - дейді Ақтан Олжатайқызы.

    Бұған дейін негізгі талап жүгі медицина мен педагогика саласының түлектеріне артылатын. Ендігі кезекте ерекше бақылау авиация саласына берілмек.

    "Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығына сәйкес, авиациялық мамандықтар бойынша білім алған жағдайда, тиісті ұйымдарда кемінде 5 жыл, ал басқа мамандықтар бойынша кемінде 3 жыл еңбек ету міндеттеледі. Докторантурада оқығандар да білім беру бағдарламасының бейініне сай келетін мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда кемінде 3 жыл тер төгуге тиіс", - дейді Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.

    Дегенмен заңнамада жеңілдіктер де қарастырылған. Бұрын грантты өтеуден босатудың 4 негізі болса, қазір бұл тізбе 8-ге дейін көбейтілді, тізімде:

    • мүгедектігі бар азаматтар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар;
    • жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баласы барлар және жұбайы жұмыс істейтін елді мекенде бос орын болмаған жағдайда;
    • мерзімді әскери қызметін өткерген немесе келісімшартпен әскерге барған азаматтар;
    • сондай-ақ отандық резидентура, магистратура немесе докторантураға оқуға түскендер.
    • ал шетелде оқып жатқандарға оқу кезеңіне кейінге қалдыру құқығы беріледі.

    Десе де бітіруші түлек әу баста өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмауы мүмкін. Заңгерлер мұндай жағдайда да азаматтардың құқығы ескерілетінін айтады.

    "Бірақ жас түлек мен жұмыссызбын деп тіркеледі. Заң бойынша 6 ай тұрады. Содан кейін тағы алты айға созғызсаңыз болады. Осылайша 12 ай, яғни бір жылыңыз өтелді деп саналады", - дейді заңгер Нұрлан Жаңабаев.

    Білім беру гранты мемлекеттің жастарға берген қолдауы ғана емес, жауапкершілік те жүктейтін мүмкіндік. Ал жаңа ережелер елдегі кадр тапшылығын шешіп, білікті мамандардың отандық экономикаға үлес қосуына жол ашпақ.

    Автор: Назерке Алтынбек

    Қазақстанда грантта оқыған түлектерге талап күшейді: жұмыс таппағандар қайтпек

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram