Ойланбастан түсті: ШҚО-да полицей есінен танып қалған екі адамды аман алып қалды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Шығыс Қазақстан облысында полицей ойланбастан кәріз құдығына түсіп, екі жұмысшыны құтқарып қалды, деп хабарлайды өңірлік ПД-ға сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 тамызда шамамен сағат 14:30-да "Молодежный" КМК-ның екі қызметкері Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентіндегі №11 үйдің маңында кәріз құбырларын тазалау жұмыстарын жүргізген.
Жұмыс барысында ер адамдардың бірі кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған. Әріптесіне көмектеспек болған екінші жұмысшы да артынан түсіп, ол да есін жоғалтқан.
Осы сәтте сол маңнан өтіп бара жатқан Ұлан ауданының криминалисі, полиция капитаны Әсет Нағашбаев кәріз құдығы жанындағы адамдардың айқайын естіп, дереу учаскелік полиция инспекторына оқиға туралы хабар берген.
Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Нұрдәулет Тетепов келген. Әр секундтың маңызды екенін түсінген ол кідірместен арқан сұратып, оны бекітіп, кәріз құдығына түскен.
"Өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, полицей әрекетін тоқтатпады. Ол санаулы минут ішінде алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін шығаруға көмектесті. Одан соң екі азамат жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Полиция капитаны Әсет Нағашбаевтың қырағылығы мен полиция майоры Нұрдәулет Тетеповтің батыл әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2415576-oilanbastan-tusti-shqo-da-politsei-qudyqqa-tusip-es-tussiz-zhatqan-eki-adamdy-aman-alyp-qaldy/
