Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    "Қабан аулап, қасқырмен қоректенген": Үміт атты жолбарыстың Қазақстандағы алғашқы 10 күні қалай өтті

    Үміт атты жолбарыс
    Үміт атты жолбарыс. Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

    Экология және табиғи ресурстар министрлігі Үміт атты жолбарыстың Қазақстан аумағында өткізген алғашқы он күні туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Министрліктің мәліметінше, Үміт атты жолбарыс Қазақстанда алғашқы 10 күнін өткізді. Осы уақыт ішінде мамандар оның қозғалысын бақылап, жүрген жерлерін зерттеп келеді.

    GPS-қарғыбау жолбарыстың қай аумақта болғанын анықтауға мүмкіндік береді, кейін сол жерлерге далалық тексеру жүргізіледі.

    "Алғашқы күндердің өзінде Үміттің өздігінен аң аулай алатыны белгілі болды. Мониторинг барысында оның қасқырды аулап, бірнеше күн бойы сол олжамен қоректенгені анықталды. Кейін жабайы қабанды да ұстаған.

    Бұл – Үміттің жаңа ортаға бейімделіп, табиғи жағдайда өз бетінше тіршілік ете бастағанының маңызды белгісі", - делінген хабарламада.

    Қазір мамандар оның қозғалысын күн сайын қадағалап, табиғи ортаға бейімделу барысын зерттеуді жалғастырып жатыр.

    "Алғашқы 10 күннің нәтижесі Үміттің табиғи ортадағы дербес тіршілікке бейімделу үдерісі сәтті өтіп жатқанын көрсетеді", - делінген хабарламада.

    Естеріңізге сала кетейік, биыл мамырдың соңында Экология министрлігі Ресей Қазақстанға төрт амур жолбарысын – екі ересек дарақ және жолбарыстың екі төлін бергенін мәлімдеген еді. Олар Хабаровск өлкесінің жабайы табиғатынан ұсталып, елге жеткізілген.

    10 маусымда Экология министрлігі аталық жолбарысқа – Амур, аналық жолбарысқа – Үміт, еркек күшікке – Тұран, ұрғашы күшікке – Уссури деген атау берілгенін нақтылады.

    Ал тамыз айында Үміт атты аналық амур жолбарысының Қазақстанның табиғи ортасына жіберілгені белгілі болды.

    "Қабан аулап, қасқырмен қоректенген": Үміт атты жолбарыстың Қазақстандағы алғашқы 10 күні қалай өтті

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram