Әлемдік дизайнерлердің киімін әскери формаға ауыстырған: Қазақстан әскеріндегі модель жігіт туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Читать на русском
Сән әлемін бағындырған қазақстандық Шыңғыс Таңатпаев бүгінде Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Шыңғыс Таңатпаев модельдік мансабын 17 жасында бастаған.
Сымбаты мен бойшаңдығының арқасында ол сән әлеміне қадам басып, халықаралық подиумдарды бағындырған.
Шыңғыс француздың атақты Pierre Cardin сән үйінің, сондай-ақ италиялық Federico Barrazzo және Sauvage Multi брендтерінің топтамаларын таныстырып, әлемнің әр түкпіріндегі көрсетілімдерге қатысқан.
"Мен – әлемдік деңгейдегі модельмін. Сән индустриясын бағындыру үшін 18 жасымда Қазақстаннан кеттім. Француз кутюрьесі Pierre Cardin, италиялық дизайнер Federico Barrazzo сияқты әлемдік шеберлердің көрсетілімдерін ашып, танымал брендтердің жарнамалық түсірілімдеріне қатыстым. Уақыт өте келе Отан алдындағы борышымды өтеу үшін туған жеріме қайта оралып, Ұлттық ұлан қатарына қосылдым. Бұрын әлемдік дизайнерлердің киімін кисем, қазір әскери форманы мақтанышпен киіп жүрмін", - дейді Шыңғыс Таңатпаев.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы атап өткендей, бір қарағанда модельдік өнер мен әскери қызметтің арасы жер мен көктей болып көрінуі мүмкін. Алайда екеуіне де ортақ дүние бар. Ол – тәртіп пен жинақылық. Подиумда өзін еркін әрі сенімді ұстай білу қажет болса, әскери қызметте де әрбір қимылға жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырманы дәл орындау маңызды.
"Сарбаз қазіргі уақытта Қарағанды қаласының қоғамдық қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосып жүр. Күн сайын әскери міндетін абыроймен атқарып, бұқаралық іс-шаралар кезінде және адам көп шоғырланған орындарда қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды.
Қызмет барысында тұрғындармен тікелей байланысып, түрлі жағдайларда көмек көрсетуге де атсалысады. Ата-анасынан адасып қалған балаларды тауып, оларды жақындарына табыстауға, сондай-ақ тұрғындардың жоғалған бағалы заттарын қайтаруға көмектескен кездері бар", - делінген хабарламада.
Ұлттық ұланның мәліметінше, бүгінде 7 мыңнан астам ұландық күн сайын елдің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзету қызметін атқарады. Ал шахтерлер қаласында бұл қызметті орындауға күніне 250-ден астам сарбаз жұмылдырылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2414775-alemdik-dizainerlerding-kiimin-askeri-formaga-auystyrdy-qazaqstan-askerindegi-model-zhigit-turaly-ne-bilemiz/
