Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Алматыда бірнеше көшедегі автобус жолағы уақытша алынды: себебі белгілі болды

    Автобус жолағы
    Жол белгісі. Көрнекі сурет : NUR.KZ / Владимир Третьяков

    Алматыда Сәтпаев, Щепетков көшелерінде автобусқа арналған жолақ белгілері мен таңбалары уақытша алынды. Бұл шешім жол қозғалысы жағдайына жасалған талдауға байланысты қабылданды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Алматы тұрғындары ADK сауда орталығы маңында көшелердегі өзгерістерге назар аударды. Сәтпаев пен Щепетков көшелерінің Тілендиев көшесінен Өтеген батыр көшесіне дейінгі бөлігінде қоғамдық көлікке арналған жолақтың белгілері мен таңбалары уақытша алып тасталған.

    Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы қазіргі уақытта мамандар осы учаскедегі көлік жағдайына талдау жасап жатқанын айтты.

    "Қоғамдық көлікке арналған жолақтың жол белгілері мен таңбалары уақытша алынды. Қазіргі таңда жол-көлік жағдайына, яғни автобус бағыттарының қозғалысына талдау жасалуда", - делінген ведомство хабарламасында.

    Талдау аяқталғаннан кейін бұл учаскеде арнайы жолақты енгізу мәселесі қарастырылады.

    Мамандар Саин көшесіндегі өзгерістер туралы да айтып өтті. 20 маусымнан бастап мұнда Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі аралықта қоғамдық көлікке арналған жолақ пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.

    "Арнайы жолақ тек бүйір жолдарда (дублерлерде) ұйымдастырылған. Ол транзиттік көлікке арналған магистральдің негізгі жолына әсер етпейді", - деп атап өтті хабарламада.

    Саин көшесіндегі пилоттық режим жалғасуда. Қалалық қызметтер көлік ағынына кешенді талдау жасап, учаскенің жұмысын бақылауда.

    Тағы бір өзгеріс Алматының орталық бөлігіндегі велосипед инфрақұрылымын дамытуға қатысты. Ол үшін қолданыстағы жол кеңістігін қайта бөлу жоспарлануда.

    "Қала орталығында жаңа велосипед инфрақұрылымын құру үшін қолданыстағы жол кеңістігін қайта бөлу туралы шешім қабылданды. Автобус бағыттарын Наурызбай батыр көшесінен Желтоқсан көшесіндегі BRT дәлізіне ауыстыру, ал босаған жолақты веложолақтар ұйымдастыру үшін пайдалану көзделуде", - делінген хабарламада.

    Ведомство қазіргі уақытта қозғалысты ұйымдастырудағы өзгерістер зерттеу сатысында екенін баса айтты.

    "Жол қозғалысын ұйымдастырудағы кез келген өзгерістер қазір тек қарастыру, зерттеу және талдау сатысында", - деді әкімдік өкілдері.

    Алматыда бірнеше көшедегі автобус жолағы уақытша алынды: себебі белгілі болды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram