"60 мың теңге жетеді": Алматы әкімдігі өкілдері мектепке дайындық үшін берілетін қаржылай көмек туралы айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы қалалық Білім басқармасы аз қамтылған отбасыларға мектепке дайындық үшін бөлінетін көмек көлеміне қатысты түсінік берді. Биыл көмек мөлшері – 60 мың теңге, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев Алматыда мектепке дайындыққа қаржылай көмек ретінде 460 млн теңге бөлінгенін айтты. Көмек жетім, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы санатына жататын 7669 балаға арналған.
"Биыл Алматыда бір балаға төлем мөлшері – 60 мың теңге. Мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға арналған қаражат тікелей ата-аналардың шоттарына аударылады", - деп атап өтті басқарма басшысы.
Ол сондай-ақ бұл соманың оқушыны мектепке дайындауға жететін-жетпейтіні туралы пікір білдірді.
"Біз мектеп формасын, спорттық киімді, сөмкені, кеңсе тауарларын және басқа да қажетті заттарды есептедік. Менің ойымша, 60 мың теңге оқушыны жаңа оқу жылына дайындауға жетеді. Егер аз қамтылған отбасылардан қосымша қажеттілік туындаса, біз аудандық әкімдіктермен бірлесіп "Мектепке жол" акциясы аясында қосымша көмек көрсетуге дайынбыз", - деді Сәкен Аралбаев.
Сонымен қатар, спикердің айтуынша, жалпыреспубликалық "Мектепке жол" қайырымдылық акциясы аясында аудандық әкімдіктердің демеушілік қаражаты есебінен 8660 баланы қажетті мектеп құралдарымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Биыл 17 тамыздағы жағдай бойынша аудандық әкімдіктер арқылы аз қамтылған отбасылардан шыққан 3 968 оқушыға 98 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2414265-60-myng-tengge-zhetedi-almaty-akimdigi-okilderi-mektepke-daiyndyq-ushin-beriletin-qarzhylai-komek-turaly-aitty/
