Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    "Заңнамада ешқандай ерекшелік қарастырылмаған": ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады

    полиция қызметкері
    Полиция қызметкері. Көрнекі фото: instagram.com/police.atyrau

    Қазақстанда жеті айда пиротехниканы қолдану және оның айналымына қатысты талаптарды бұзғаны үшін 251 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ІІМ отшашу ату ережелерін еске салды, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    ІІМ-нің ведомстволық сайтының жазуынша, кейінгі уақытта көпқабатты үйлердің тұрғындары туған күн және өзге де мерекелерді аулада отшашу ұйымдастыру арқылы атап өтетін жағдайлар жиілеп отыр. Оның ішінде түнгі уақытта да пиротехникалық бұйымдар қолданылатын жағдайлар да кездеседі.

    "Алайда бірнеше минутқа созылатын мерекелік отшашу көршілердің наразылығын тудырып қана қоймай, жарақат алуға, өрт шығуына және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Еске саламыз: елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолдануға белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

    Заңнамада мерекелік күндерге, соның ішінде Жаңа жыл түніне қатысты ешқандай ерекшелік қарастырылмаған", - делінген хабарламада.

    ІІМ-нің мәліметінше, жыл басынан бері 237 адам пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде қолданғаны үшін, тағы 14 адам оларды сақтау, пайдалану, тасымалдау және сату тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Мұндай құқық бұзушылықтардың ең көп саны ірі қалаларда тіркеледі. Мәселен, Астанада 74 адам, Алматыда 58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

    "Қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Сертификатталмаған пиротехниканы пайдалану және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамау ауыр жарақаттарға және өртке әкелуі мүмкін", - делінген хабарламада.

    ІІМ мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері өртке қарсы қызмет мамандарымен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ олар пиротехникалық бұйымдарды жеткізушілерді, қоймалар мен сауда орындарын тексеріп, сертификатталмаған өнімді заңсыз сатуға жол бермеу шараларын қабылдап жатыр.

    "Тағы бір маңызды мәселе – тыныштық сақтау. Жыл басынан бері еліміз бойынша 79 мыңнан астам тыныштықты бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде 78 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтарды мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде жауапкершілік танытуға шақырамыз.

    Қауіпсіздік талаптарын сақтап, тек сертификатталған пиротехникалық бұйымдарды сатып алыңыздар және айналадағы адамдардың тыныштығын ескеріңіздер. Мереке жарақатқа, өртке немесе өзге адамдарға қолайсыздық туғызатын жағдайға айналмауы тиіс", - делінген хабарламада.

    "Заңнамада ешқандай ерекшелік қарастырылмаған": ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram