Шымкенттегі экс-олигарх Тоқтар Төлешовтің зәулім үйі саудаға қойылды (фото)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Шымкентте "сыра королі" атанған экс-олигарх Тоқтар Төлешовтің компаниясына тиесілі үй саудаға қойылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы электрондық сауда-саттық порталының деректеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанның электрондық сауда-саттық порталындағы мәліметке сәйкес, Шымкентте жеке тұрғын үй мен жер телімі сатылымға қойылды. Нысанның бастапқы бағасы 240 195 000 теңге деп белгіленген. Оның ең төменгі бағасы 40 млн теңге, одан төмен бағаға сатылмайды.
Үйге қатысты құжаттарда меншік иесі ретінде Төлешов Тоқтар Жүсіпұлы көрсетілген. Мүлікті жарғылық капиталға енгізу туралы келісімшартта Тоқтар Төлешовтің есімі, сондай-ақ "Шымкентсыра" ЖШС мен "Дархан Group" ЖШС-нің аттары аталады.
Лотты "Дархан Group" ЖШС орналастырғанын атап өту керек. Жер телімінің ауданы 0,0644 гектарды құрайды. Аумақта екі тұрғын үй мен қора бар. Сауда-саттық голландтық әдіске сәйкес, яғни бағаны төмендету арқылы өтеді. Аукцион 27 тамыз сағат 10:00-де басталады.
Еске сала кетейік, экс-олигарх Тоқтар Төлешов 2016 жылы 21 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр. Сондай-ақ оған коммерциялық және қоғамдық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Ол мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттену, азаптау және кісі өлтіру секілді 18 қылмыс дерегі бойынша айыпталған еді.
Төлешов 2016 жылдың қаңтар айының соңында Шымкентте күштік құрылымдардың арнайы операциясы барысында ұсталды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2413911-shymkenttegi-eks-oligarh-toqtar-toleshovting-zaulim-uii-auktsionga-shygaryldy/
