Тарихи жүлде: қазақстандық спортшылар әлем чемпионатында күміс алды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Әртістік жүзуден Қазақстан құрамасы 2026 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бір күнде екі медаль еншіледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ясмина Исламова мен Алдияр Рамазанов аралас дуэттердің еркін бағдарламасында 248,1058 ұпай жинап, екінші орынға табан тіреді. Испаниялық Арлет Арнан Сантакрус пен Энеко Санчес Агилар (263,2992) турнир кестесінде көш бастады. Жапониялық Хейзо Аитака мен Манами Додо (246,9850) қола жүлдені иеленді.
Исламова мен Рамазановтың күміс жүлдесі – Қазақстанның әртістік жүзу тарихындағы жасөспірімдер әлем чемпионатының микст-дуэттер сынындағы алғашқы медалі.
Ұлттық құрама акробатика бағдарламасында тағы бір жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан құрамасы 203,0926 ұпай жинап, екінші орын алды. Ел намысын София Ищенко, Ясмина Исламова, Даяна Жаманчалова, Мақпал Қалмурза, Полина Мерзлякова, Алдияр Рамазанов, Айғаным Сайым және Анастасия Воронкова қорғады.
Бұл пәнде Ресей құрамасы (232,2147) жеңіске жетті. Беларусь командасы (200,9777) қола жүлдені қанағат тұтты
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында әртістік жүзуден жасөспірімдер әлем чемпионатының үш медалі бар. Бұған дейін Виктор Друзин жекелей техникалық бағдарламада қола жүлдегер атанған болатын.
Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан турнир 16 тамызда аяқталады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2413252-tarihi-zhulde-qazaqstandyq-sportshylar-alem-chempionatynda-kumis-aldy/
