Алматыдағы Канье Уэст концерті: ұйымдастырушылар мен әкімдік келушілерге үндеу жасады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматыда 14 тамыздан 15 тамызға ауыстырылған Канье Уэст концертінің ұйымдастырушылары Орталық стадионның қашан ашылатынын еске салды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алматыдағы Канье Уэст концертінің ұйымдастырушысы Fist Media Group Instagram парақшасында келушілерді Орталық стадионға кешегідей сағат 16:00-ден бастап кіргізе бастайтынын жазды.
Концертке кіру тәртібі
"YE концерті 15 тамызда сағат 21:00-де өтеді. Есік сағат 16:00-де ашылады. Кіру билет бойынша жүргізіледі – 14 тамыздағы концертке сатып алынған барлық билет жарамды және 15 тамыздағы концертке кіруге мүмкіндік береді.
Сектор схемасының бұрынғысы өзекті, оны алдыңғы жазбалардан және сайттан табуға болады. Билетті Freedom SuperApp қосымшасынан және сайттағы жеке кабинеттен көрсетуге болады, қағазға шығарылған нұсқасы да жарамды. Стадионға кіру билетті сканерлеу арқылы жүзеге асады.
Тексеруден өткеннен кейін бұрын берілген браслеттер жаңартылады. Назар аударыңыз: браслет өзі кіруге құқық бермейді – билетті міндетті түрде сканерлеу керек. Егер билет жеке кабинеттен жоғалып кетсе – Freedom Афиша қолдау қызметіне хабарласқан жөн, сізге билетті қалпына келтіруге көмектеседі.
Назар аударыңыз: стадион аумағынан шыққан жағдайда қайта кіруге болмайды. Іс-шарада қозғалысты жоспарлаған кезде осыны ескеріңіз. Стадионда кездескенше!", - деп жазды ұйымдастырушылар.
Сол арада әкімдік Алматыда YE концерті өтетін күні көлік қалай қатынайтынын жазып, шаттлдар, метро және қозғалыс шектеуі туралы ақпарат берді.
Жолдардың жабылуы
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сағат 15:30-дан бастап Орталық стадион маңында көлік қозғалысы кезең-кезеңімен шектеле бастайды. Сәтбаев көшесінің Байтұрсынов көшесінен Байзақов көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылады.
Қауіпсіздік қызметтерінің шешіміне сәйкес, стадионға іргелес жолдардың жекелеген бөліктері де уақытша жабылуы мүмкін. Бұл ретте Абай даңғылындағы қоғамдық көлік қозғалысы қалыпты режимде жүзеге асырылады.
Көлік ағынын реттеу және кептелістің алдын алу үшін жергілікті жерлерде Полиция департаментінің қызметкерлері кезекшілік атқарады.
Тегін шаттлдар
Концерт аяқталғаннан кейін көрермендерді қаланың алты бағыты бойынша 60 тегін шаттл тасымалдайды. Автобустар Орталық стадионнан Алматы Аренаға, "Алатау" метро бекетіне (Райымбек батыр маңы), Алматы-1 теміржол вокзалына, Орбита шағынауданына, Жұлдыз шағынауданына және Алматы халықаралық әуежайына қатынайды.
Метрополитен жұмысы
Сондай-ақ қоғамдық көлік пен метрополитен жұмысы күшейтіледі. "Байқоңыр" метро бекеті сағат 21:00-де жолаушылар үшін жабылады. Концертке келушілерге "Абай" және "Мұхтар Әуезов атындағы театр" станцияларын пайдалану ұсынылады. Метро жұмысы кемінде сағат 01:00-ге дейін, ал қажет болған жағдайда сағат 03:00-ге дейін ұзартылады.
Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, көлік қозғалысына енгізілетін уақытша шектеуді ескеру және мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалану ұсынылды.
Автобустар
Уақытша қозғалыс сызбасы өзгеретін автобус бағыттары:
№3, 18, 21, 25, 30, 34, 44, 57, 62, 65, 66, 79, 90, 92, 95, 98, 118, 120, 120А, 121, 128, 130, 209, 210, 211, 224.
Негізгі өзгерістер Шевченко, Мұқанов, Жамбыл, Байтұрсынов, Желтоқсан, Тимирязев, Байзақов, Жандосов және Манас көшелері, сондай-ақ Абай және Сейфуллин даңғылдары бойынша болады.
Автобустар қалай жүреді
- №3, 57, 65, 90, 118, 128 — Сейфуллин даңғылы, Шевченко, Мұқанов, Жамбыл көшелері және оларға іргелес көшелер арқылы жүреді.
- №18, 25, 34, 62, 92, 209, 210, 224 — Шевченко, Мұқанов, Жамбыл және Байтұрсынов көшелері арқылы қатынайды.
- №21, 211 — Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесі маңындағы қозғалыс бағыты өзгереді.
- №30, 79, 130 — Тимирязев, Желтоқсан, Байзақов және Манас көшелері арқылы жүреді.
- №95, 121 — Жандосов, Манас және Тимирязев көшелері арқылы қатынайды.
Қалған бағыттар да енгізілген шектеулерді айналып өтіп, уақытша сызба бойынша жүреді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2413189-almatydagy-kane-uest-kontserti-uiymdastyrushylar-men-akimdik-kelushilerge-undeu-zhasady/
