"Мен сені қорғай алмадым": Нұрай Серікбайдың ағасы сот үкімінен соң қарындасына жазба арнады
Жарияланған күні:

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. 13 тамызда Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айырған еді. Үкім шыққаннан кейін Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желідегі парақшасында қарындасына арналған жазбасын жариялады.
Сот деректеріне сүйенсек, бұл қайғылы жағдай 2026 жылдың 11 қаңтарында орын алған. Марқұм Нұрайдың денесінен пышақ сұғылған іздер анықталды. Тергеу амалдары көрсеткендей, Шерхан Аймахан бойжеткеннің соңынан ұзақ уақыт бойы аңдып жүріп, оны еркінен тыс тұрмыс құруға көндірмек болған.
Сот үкімі жарияланғаннан кейін Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желідегі парақшасында қарындасына арнап тебіреністі жазба қалдырды:
"Нұрайка, әділдіктің орнауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Мені кешірші... Сені қорғап қала алмадым...", — деп бөлісті ол.
Бұған дейін де Сұлтан Серікбай отбасы үшін басты мәселе өтемақы алу емес, қылмыскерге ең ауыр жазаның кесілуі екенін жеткізген еді. Марқұмның жақындары сегіз ай бойы істің сотқа жетіп, әділ шешім шығуы үшін тынбай дәлелдер жинап, соңғы сәтке дейін күрескенін айтты.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2413130-men-seni-qorgai-almadym-nurai-serikbaidyng-agasy-sot-ukiminen-song-qaryndasyna-zhazba-arnady/
