Қазақстанда Жошы ұлысын зерттеудің жол картасы жасалмақ
Жарияланған күні:

Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге арналған 10 жылдық жол картасы әзірленеді. Бұл туралы Ұлттық ғылым академиясының кеңейтілген отырысында айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ғалымдардың айтуынша, ұзақ мерзімді бағдарлама Жошы Ұлысына қатысты зерттеулерді бір арнаға тоғыстырып, тарихи мұраны жүйелі әрі кешенді түрде зерделеуге мүмкіндік береді.
Жиында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, тарихи деректерді жүйелеу және сол кезеңдегі тарихи географияны қалпына келтіру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ цифрлық технологияларды және басқа да заманауи зерттеу әдістерін кеңінен қолдану ұсынылды. Басқосудың соңында ғылыми жобаларды өзара үйлестіру және халықаралық ынтымақтастықты күшейту жөнінде ұсыныстар әзірленді.
"Жошы Ұлысын зерттеуге байланысты кешенді стратегиялық кешенді жол картасын дайындау қажет болады. Жол картасы біз айтып отырған бүкіл мәселелердің барлығын, қай жылы нені жасауы керек соның барлығының жол картасы. Яғни 2027 жылдан 2037 жылға дейінгі 10 жылдық жол картасы. Жол картасы аясында біз осы Жошы Ұлысын зерттеудің стратегиялық жобасын жасап, жүзеге асырамыз", - дейді президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясының орталық басшысы Жеңісбек Төлен.
Отырыс қорытындысы бойынша отандық ғылымды дамытуға бағытталған үш негізгі құжат, атап айтқанда, мамандандырылған Ғылыми бағыт, 2027-2031 жылдарға арналған Флагмандық бағдарлама және 2027-2037 жылдарды қамтитын Кешенді Жол картасы мақұлданды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2413127-qazaqstanda-zhoshy-ulysyn-zertteuding-zhol-kartasy-zhasalmaq/
