Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    15 тамыз – Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл

    Шәмші Қалдаяқов
    Шәмші Қалдаяқов. Кадр: YouTube/Хабар NEWS

    15 тамыз – қазақ вальсінің королі, ән падишаһы атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күні, деп хабарлайды "Хабар" Агенттігі.

    Отырарда туып, әнімен кең даланы тербеткен қайталанбас дарын иесінің туғанына биыл 96 жыл толып отыр. Осыған орай, туған жері Түркістан өңірінде түрлі мәдени іс-шаралар мен ән кеші өтеді деп жоспарланған.

    Композтордың көзін көріп, етене араласқан ет-жақындарының да айтары бар.

    Шәмші Қалдаяқов — 1930 жылы Отырар ауданына қарасты қазіргі Шәмші ауылында кішкентай ғана қоржын тамда дүниеге келген. Осында ер жетіп, ат жалын тартып мінді. Алғашқы әндерін де осында шығарды. Арман жетелеген сиқырлы ән әлеміне осы ауылдан аттанды.

    2020 жылы ұлы композитордың 90 жылдығына орай өзі туып-өскен Шәмші ауылындағы қара шаңырақтың орнына музейі үйі ашылды. Қазір мұнда ұлы композиторға тиесілі 200-ге жуық жәдігер сақталған.

    "Мұражайдың екі экспозициялық бұрышы бар. Бірі – "Шәмші мұралары" деп Шәмшіге арналған. Екіншісі — әкесі Қалдаяқ ұстаға арналған. Бұл жерде Шәмшінің өзінің жеке тұтынған баян музыкалық аспабы, шахмат тақтасы, саквояжы, киген киімдері, көйлектері және пальтосы, костюмы. Бұл жердегі заттың бәрін Шәмшіге қатысы бар өзінің туыстары, достары өткізген", - дейді Шәмші музей үйінің меңгерушісі Серік Олжатаев.

    Көзкөргендердің айтуынша, Шәмшінің әкесі Қалдаяқ темірден түйін түйген ұста, мұсылманша сауатты адам болған. Мұнда Қалдаяқтың қолынан шыққан дүниелерді ауыл тұрғындары әкеліп, өткізіпті. Ал Шымкент қаласының тұрғыны музыкант Нұрбөпе Қалмаханқызының қолында Шәмшінің қолжазбалары мен әндерінің нотасы сақталған. Құнды жәдігерді 1960 жылдары әкесіне ұлы композитордың өзі берген екен. "Әкем — белгілі журналист Қалмахан Анарбеков Шәмші ағамен дос еді", - деп еске алады қызы.

    "Бір күні келіп, Қалмахан: "Сенің балаларыңның бәрі өнерге құмар екен. Біреуі скрипка тартса, екіншісі баян, үшіншісі саксофон. Мен саған осы әндердің жазбасын берейін, сенде болсын", - деп берді. Сол өз қолымен жазған жәдігерді осы уақытқа дейін көзімнің қарашығындай сақтап келемін", - дейді қала тұрғыны Нұрбөпе Қалмаханқызы.

    Шәмші – бүкіл қазақ даласы оның әнімен тербеліп, өзі "ән падишасы" атанса да, ағайын-туыс пен бауырға өте жақын болыпты. Шәуілдір ауылында тұратын туған інісі Қыдыр Қалдыаяқұлы: "Ағам көпшіл адам еді. Ағайын-туысқа бүйрегі бұрып тұратын", – дейді. Соңғы жазған әні де есінде.

    "Өмірінің соңында жазған әні – "Отырардағы той" ғой. Сол әнді Хадиша Шалабаеваға үйретіп жүріп, ауырып қалды. Осы жерде орталық ауруханада жатты. Бір күні таңертең мені жетектеп шығып, батысқа қарап: "Әй, Қыдыр, менде бір күш бар", – дейді. "Үшінші рет инфарктен тірі қалған адам жоқ, мен тірі қалдым. Маған Алланың берген күші бар", – деп айтқан сөзі бар", - Ш. Қалдаяқовтың інісі Қыдыр Домбаев.

    Ал белгілі композитор Бейбіт Оралұлы "Шәмші – ән саласында тер төгіп жүрген жас композиторлар мен әншілердің тәу етер құбыласы, бағыт түзер темірқазығы" екенін айтады.

    "Оның әндері мәңгі жасай береді. Бәрі де өміршең әндер ғой. "Айқайлағанның бәрі әнші емес, ән жазғанның бәрі Шәмші емес" деп айтады ғой. Сол сияқты, шын мәнісінде, ол – қайталанбас тұлға. Ән саласында жүрген жастарға да үлкен өнеге деп білемін", - дейді композитор Бейбіт Оралұлы.

    Қазақ руханиятының жандануына өлшеусіз үлес қосқан Шәмші бейнесі жас өнерпаздарды ізгілікке бағыттайтын бағдары болары сөзсіз. Ұлы композитордың туған күніне орай туған жері Түркістан өңірінде мәдени іс-шаралар мен ән кеші 1 апта бойы өтеді деп жоспарлануда.

    Айта кетейік, Түркістан облысындағы бір елді мекен мен 19 көше, 2 мектеп пен 1 аллея Шәмші Қалдаяқовтың атымен аталады. Одан бөлек, өңірде ұлы композитордың 3 бюсті мен 4 еңселі ескерткіші орнатылған.

    Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

    15 тамыз – Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram