Нұрай Серікбай ісі: Шерхан Аймахан өмір бойына сотталды
Жарияланған күні:

Шымкент соты Нұрай Серікбайды өлтірген Шерхан Аймаханға жаза кесті. Сотталушы өмір бойына түрмеге жабылды, деп хабарлайды "Хабар" агенттігі.
Сот оны Қылмыстық кодекстің "Аса қатігездікпен адам өлтіру", "Некеге тұруға мәжбүрлеу" және "Сталкинг" бабы бойынша кінәлі деп тапты.
Дүйім жұртты дүр сілкіндірген қанды оқиға 11 қаңтарда болған. Қылмыскер 21 жатағы бойжеткенді некеге мәжбүрлеу үшін ұрлап әкетіп, бас тартқан соң 35 жерден пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Сотта мемлекеттік айыптаушы мен Нұрайдың әкесі сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сотталушы Нұрайдың ата-анасы мен ағаларынан кешірім сұрап, болған жағдайға өкінетінін айтты.
Өмір бойына бас бостандығынан айырудан бөлек, сот оны жәбірленуші тарапқа моральдық зиян үшін 25 миллион және тағы 5 миллион теңге материалдық шығын төлеуге міндеттеді.
"Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабы 4-бөлімінің негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы қылмыстық құқықбұзушылық жиынтықтығымен Аймаханға түпкілікті, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - дейді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Саммидин Темірәлиев.
Нұрай Серікбайдың өлімі
Естеріңізге сала кетейік, 11 қаңтарда кешке Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің маңынан жас қыздың мәйіті табылған еді. Марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болған.
13 қаңтарда күдіктінің Шымкенттен 10 шақырым жерде ұсталғаны белгілі болды.
Сонымен қатар полиция оның сот санкциясымен қамауға алынғанын мәлім етті.
Қоғамда резонанс тудырған оқиғадан кейін Шымкент ПД бастығы Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары және бірқатар қызметкер қызметінен босатылды.
Биыл сәуірде күдіктінің мәжбүрлі емдеуге жіберілгені хабарланды.
Кейін сенат кулуарында ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойныша сараптама қорытындысы шыққанын мәлімдеді. Қорытынды нәтижесіне сай, оның ақыл-есі дұрыс екені анықталған.
Мамырда күдікті Талғардағы медициналық орталықтан Шымкентке қайта ауыстырылды.
Бір ай бұрын бұл іс бойынша тергеу аяқталғаны мәлім болды. Сондай-ақ алғашқы сот отырысы өтетін күн жарияланып, іс қарала бастады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2412509-nurai-serikbaidyng-isi-sherhan-aimahan-omir-boiyna-sottaldy/
