Туристерге Бурабайдағы Көкшетау мен Бөлектау тауларына шығуға тыйым салынды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстандықтарға Көкшетау және Бөлектау тауларына шығуға уақытша тыйым салынды. Шектеу 21 тамызда алынады, деп хабарлайды "Бурабай" МҰТП-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, шектеу 10-20 тамыз аралығында қолданылады және мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупінің жоғары деңгейіне байланысты енгізілген.
"Шешім келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және орман өрттерінің алдын алу мақсатында қабылданды. Өрт қаупі жоғары кезеңде құрғақ орман төсеніштері мен өсімдіктер оттың тұтануына ерекше бейім болады, ал қолайсыз ауа райы жағдайында өрт өте жылдам таралуы мүмкін", - делінген хабарламада.
Шектеу кезінде Бурабай орманшылығының мемлекеттік инспекторларына Көкшетау және Бөлектау тауларына шығуға тыйым салу талаптарының сақталуына бақылауды күшейту тапсырылған.
"Бурабай" МҰТП курорттық аймақ тұрғындары мен қонақтарын уақытша енгізілген шараға түсіністікпен қарауға, жабық маршруттарға өтуге әрекет жасамауға және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2411341-turisterge-burabaidagy-kokshetau-men-bolektau-taularyna-shyguga-tyiym-salyndy/
