Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Қазақстандық ғалымдар мәрмәр қой етін өндірудің жолын тапты

    Мәрмәр қой еті
    Мәрмәр қой еті. Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

    Қазақстандық ғалымдар қазақтың биязы жүнді қой тұқымы негізінде мәрмәр қой етін өндірудің кешенді технологиясын әзірледі, деп хабарлайды АШМ-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында хабарланғандай, мәрмәр қой етін дайындау технологиясымен Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары айналысқан.

    Жаңа технология тұтынушылық қасиеттері жоғары, сапалы әрі экспорттық әлеуеті бар қозы етін өндіруге мүмкіндік береді.

    "Технология қозыларды қарқынды өсіру және бордақылаудың ғылыми негізделген жүйесін қамтиды. Сонымен қатар ғалымдар дәнді және ақуызды компоненттер, пробиотиктер, өсімдік тектес қоспалар, премикстер мен минералды заттардан тұратын теңгерімді құрамажем әзірледі.

    Мұндай азықтандыру малдың тәуліктік орташа салмақ қосуын арттырып, зат алмасу үдерістерінің тұрақты жүруін қамтамасыз етеді және бұлшықет ішіндегі майдың біркелкі жиналуына ықпал етеді", - деп түсіндірді АШМ өкілдері.

    Ведомствоның мәліметінше, зерттеу нәтижесінде қазақтың биязы жүнді қой тұқымының генетикалық әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік туған. Қозы етіндегі бұлшықет ішіндегі майдың мөлшері 4-6 пайызға жеткен. Ал дәстүрлі жайылымдық жағдайда өсірілген малда бұл көрсеткіш шамамен 2-3 пайыз болады. Бұл еттің мәрмәрлілігін арттырып, оның шырындылығы мен жұмсақтығын жақсартып, дәмін қанықтыра түседі.

    "Сонымен қатар малдың сойыс көрсеткіштері де жақсарды. Атап айтқанда, ең құнды ет бөліктерінің шығымы артты, бұлшықет пен май ұлпаларының арақатынасы оңтайланды. Соның нәтижесінде өнімнің тауарлық құндылығы артып, оны сыртқы нарықтарға шығаруға жаңа мүмкіндіктер ашылады", - деп толықтырды министрлік өкілдері.

    Ведомство алынған мәрмәр қой еті экспортқа шығарылатын өнімге қойылатын сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай келетінін мәлім етті. Технология жоғары сапалы ет өндіруге бағытталған Қазақстандағы қой шаруашылығы кәсіпорындарында енгізілуі мүмкін.

    Қазақстандық ғалымдар мәрмәр қой етін өндірудің жолын тапты

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram