Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    1,1 млрд теңге бөлінген: Алматы облысында үш жыл бұрын жөндеуге жабылған мектептің құрылысы әлі бітпеген

    мектеп
    Мектеп ғимараты. Видеодан кадр: informburo.kz

    Алматы облысы Нұра ауылында жалғыз мектептің жөндеу жұмыстары үш жылдан астам уақыттан бері бітпей келеді. Осы уақыт ішінде балалар түрлі ғимараттарда оқуға мәжбүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "31 арнаға" сілтеме жасап.

    Ауылдағы жалғыз мектеп 2023 жылы жөндеуге жабылған болатын. Жұмысты бір жыл ішінде аяқтауға уәде берілгенімен, арада үш жылдан астам уақыт өтті. Мектеп бос тұрған кезде балалар мәдениет үйінде, әкімдікте және азық-түлік дүкенінің ғимаратында оқыған. Мектеп директорының айтуынша, жөндеу жұмыстарын 25 тамызға дейін аяқтауға уәде беріліп отыр.

    "Кіші балам екінші сыныпқа барады. Ол дүкенде оқыды, жағдайы өте нашар. Бір партада 2-3 баладан отырады, сабақ небәрі екі сағат қана болады", - деді ауыл тұрғыны Надира Нұрданова.

    Мектеп директорының айтуынша, мұндай жағдайда бірнеше жыл оқуға жауапсыз мердігер себеп болған. Ол бұрынғы компаниямен келісімшарт бұзылғанын, жұмысқа басқа мердігерлер тартылғанын мәлімдеді.

    "Жөндеу жұмыстарын 2024 жылы аяқтауымыз керек еді. Алайда мердігер сапасыз жұмыс істеп, уақытында үлгермеді, сол себепті жұмыс созылып кетті. Бастапқыда мектепке 1,1 млрд теңге бөлінген. Қосымша қаржы бөлінген-бөлінбегені маған белгісіз. Қазіргі таңда 31 адам жұмыс істеп жатыр, тағы 20 адам қосылады. 25 тамызға дейін бітіреміз деп уәде беріп отыр. Жақын арада аяқталады деп үміттенемін", - деді №12 орта мектептің директоры Ержан Нүсіпжан.

    Ата-аналар жұмыстың мерзімінде аяқталатынына сенбейді. Сонымен қатар олар балаларын енді мәдениет үйіне, әкімдікке және дүкенге жібермеуге бекініп отыр.

    1,1 млрд теңге бөлінген: Алматы облысында үш жыл бұрын жөндеуге жабылған мектептің құрылысы әлі бітпеген

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram