"Тым арзан": Ақтөбе облысында дауылдан зардап шеккен тұрғындар өтемақыны азсынып отыр
Жарияланған күні:

Ақтөбе облысында дүлей дауылдан зардап шеккен тұрғындар апатқа қатысты берілетін өтемақыны азсынып отыр. Төтенше жағдайдан бүлінген баспана шығынын мамандар тым арзан бағалады деп ашынып отыр, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Осыдан тура бір ай бұрын дүлей дауыл Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылының астан-кестеңін шығырған. Жүздеген үйдің шатырын ұшырып, жаңбыр аралас желден қабырғасы да қақыраған. Қираған баспаналар да бар. Қазір шығын көлемі есептеліп, тұрғындар қанша өтемақы тағайындалғанын танысып жатыр. Бірақ бүлінген баспанамызды қалпына келтіруге ол ақша жетпейді деп көңілі толмай отырғаны да бар.
"Шешім бойынша беріліп тұрған ақша 4 миллион 700 мың теңге. Бірақ ол жалдаған адамның ақшасына да, шатыр жабу материалына да жетпей тұр. Менің ішкі жұмысым әлі басталған жоқ. Есіктер пайдаға аспай қалды. Әкімдік тексерген кезде барлығын актілеп, тексеріп кетті", - дейді тұрғын Мәрия Шәмші.
Кейбірі бағалаушыларды "күте-күте, көзіміз талды" деп ашынады. Бұзылған үйін көрсетіп, сол бойынша қортындыны күз болмай айтса екен дейді.
"Әкімдікке бүкіл құжатты тапсырып, үйдің фотоларын, бәрін түсірдік. Бірақ еш нәтиже жоқ, көріп отырсыздар. Жаңа бағалау да жасалған жоқ. Үй салатынын да айтқан, ақшалай қаржы беруді де айтқан жоқ", - дейді Екатерина Абдуллина.
Дүлей дауылдан соң Байғанин ауданы бойынша төтенше жағдай жарияланған. Соның негізінде тұрғындар шығыны өтелетін болады. Шенеуніктер бұзылған баспаналар мен бүлінген үй-жайлардың шығынын есептейтін бағалаушылардың жұмысына араласуға құқығымыз жоқ деп отыр.
"Бағалаушыларды шақырыттық. Арнайы мамандар ғой, лицензиясы бар дегендей. Қортындысын береді ғой, техникалық болсын, бағасы болсын. Сол бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Енді 200-дің үстінде үйлер зақымданды. Оның ішінде пайдаға аспай қалған үйлер де бар. Жаңадан үй салудамыз. Қортынды алынып жатыр. Жұмысты бастап та кеттік деп айтуға болады", - дейді Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Раушанов.
Үйлері дауылдан соң тұруға жарамай қалған 37 отбасы бір айдан бері мектеп-интернатта тұрып жатыр. Олардың ас-сумен қамтылуын жергілікті билік өз мойнына алған.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2410865-tym-arzan-aqtobe-oblysynda-dauyldan-zardap-shekken-turgyndar-otemaqyny-azsynyp-otyr/
