Алматыда жер сілкінісін алдын ала ескертетін ғылыми орталық ашылды
Жарияланған күні:

Алматыда жер сілкінісін алдын ала ескертетін ғылыми орталық ашылды. Қазақстан мен Қытай бірлесіп жұмыс атқаратын ғимаратта мамандар апатты бақылап, қауіпті анықтауға көмектесетін жаңа технологияларды әзірлейді. Мамандардың сөзінше, бұл іс-шара халықаралық тәжірибе алмасуға және қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан мен Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығын ашу туралы меморандумға биыл маусым айында қол қойылған. Басты мақсат – қос елдің ғылыми-зерттеу әлеуетін біріктіріп, мониторинг, болжам жасау және ерте ескерту бағыттарында заманауи технологияларды енгізу.
Жаңа орталықта қазақстандық және қытайлық ғалымдар сейсмология саласында бірлескен зерттеулер жүргізеді. Ғимаратта техногендік, алдын-ала ескерту және сейсмикалық мониторинг жасайтын 3 зертхана бар.
Мамандар жер сілкіністерін бақылау, олардың қаупін бағалау және тұрғындарға алдын ала ескертуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды әзірлеу мен жетілдіруге басымдық береді.
"Қазақстанның Оңтүстік шығысы сейсмикасы жоғары аудандарға жатады. Соның ішінде Алматы қаласы. Сондықтан бұл жерде жер сілкінісін зерттеу, олар туралы мәліметтерді жинақтау, өңдеу осылардың бәрі – маңызды. Неліктен Қытай Республикасымен? Өйткені ҚХР —біздің көрші мемлекет. Бізге ортақ Тянь-Шань тау сілемдері бар. Оның ұзындығы 2 жарым мың км. Оған төрт мемлекет Қазақстан, Қырғызстан, Қытай және Өзбекстан ішінара кіріп тұрады", – деді жер сілкінісін зерттеу орталығының басшысы Ерік Әліпұлы.
"Мұнда қазақстандық және қытайлық мамандар жұмыс істейтін болады. Бұл орталықтың ашылуы Қытай мен Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін өте тиімді болады деп ойлаймын", – деді ҚХР Алматыдағы бас консулы Су Фанцю.
Авторлар: Диана Тұрлыбек, Әлішер Ерғалиұлы, Жақсылық Тілепберген
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2410862-almatyda-zher-silkinisin-aldyn-ala-eskertetin-gylymi-ortalyq-ashyldy/
