Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    ҰБТ-дан 120 балл алу неге грантқа кепілдік бермейді: Ғылым министрлігі түсіндірді

    Талапкер
    Талапкер. Иллюстрациялық фото: Alvaro Ballesteros/Europa Press via Getty Images

    Ғылым және жоғары білім министрлігі 120 балл жинаған талапкерлердің грантсыз қалып, ал 100 балл жинағандардың грант иегері атануы мүмкін жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Ведомствоның ресми сайтында хабарланғандай, ҰБТ-дан жоғары балл жинау – маңызды артықшылық. Алайда грант тек жинаған балл санына байланысты автоматты түрде берілмейді.

    Білім беру гранттары нақты білім беру бағдарламасы бойынша конкурс негізінде бөлінеді. Сондықтан нәтиже тек талапкердің жинаған балына емес, сонымен қатар:

    • таңдалған білім беру бағытына;
    • бөлінген гранттар санына;
    • конкурсқа қатысушылар санына;
    • конкурс деңгейіне;
    • жекелеген санаттарға арналған квоталардың болуына байланысты.

    "Мысалы, 120 балл жинаған талапкер жоғары бәсекелестік бар білім беру бағдарламасын таңдаса, грант санына қарағанда талапкерлер саны айтарлықтай көп болған жағдайда грант иегері болмауы мүмкін. Ал 100 балл жинаған талапкер бәсекелестігі төмен бағыт бойынша грантқа ие болуы мүмкін", - деп түсіндірді министрлік өкілдері.

    Ведомствоның мәлімдеуінше, шекті балл конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді, бірақ грант алуға кепілдік бермейді. Ал өту балы конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша қалыптасады.

    "Сондықтан білім беру бағдарламасын таңдау кезінде тек ҰБТ нәтижесін ғана емес, таңдалған білім беру бағдарламасы бойынша бөлінген гранттар санын және конкурс деңгейін де ескеру маңызды. Грант – бұл жоғары баллдың ғана емес, нақты конкурс нәтижесінің қорытындысы", - деп қосты ведомство өкілдері.

    Естеріңізге сала кетейік, 7 тамызда 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды.

    Биыл 75 мыңнан астам талапкер Қазақстанның жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған.

    Кейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грантқа түсе алмаған талапкерлердің ата-аналарына үндеу жасады.

    Сондай-ақ білім грантына іліге алмаған талапкерлерге тағы қандай мүмкіндік бар екенін жазған едік.

    Бұдан бөлек, қазақстандық ЖОО-лар талапкерлерге екі мыңнан астам өзіндік білім беру грантын ұсынып отырғаны белгілі болды.

    ҰБТ-дан 120 балл алу неге грантқа кепілдік бермейді: Ғылым министрлігі түсіндірді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram