ШҚО-да такси жүргізушісі жолаушыны телефон алаяғының арбауынан сақтап қалды
Жарияланған күні:

ШҚО-да зейнеткерді алаяқтардың құрбаны болудан құтқарған такси жүргізушісіне ПД бастығы құрмет көрсетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков қырағылығы мен азаматтық жауапкершілігінің арқасында Өскемен қаласының тұрғынын телефон алаяқтарының 1,5 млн теңгеден астам қаражатын иемдену әрекетінен аман алып қалған такси жүргізушісі Төрежан Адабиетовпен кездесті.
Кездесуде Ерлан Омарбеков Төрежан Адабиетовке батыл әрекеті, белсенді азаматтық ұстанымы және қылмыстың алдын алуға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Ол мұндай азаматтардың полицияның алаяқтыққа қарсы күрестегі сенімді серіктесіне айналып, қоғам үшін үлгі екенін ерекше атап өтті.
"Қазіргі таңда алаяқтар заманауи технологиялар мен психологиялық ықпал ету тәсілдерін кеңінен қолдануда. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз – тек қылмысты ашу ғана емес, оның алдын алу. Полицияның, қоғамның және әрбір саналы азаматтың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана мұндай қылмыстарға тиімді тосқауыл қойып, тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз", - деді ШҚО ПД бастығы.
Полиция азаматтарға тағы бір мәрте сақ болуды ескертеді. Егер бейтаныс адамдар шұғыл түрде ақша шешіп алуды, қаражатты "қауіпсіз шотқа" аударуды, SMS-хабарламадағы растау кодтарын айтуды немесе несие рәсімдеуді талап етсе, бұл – алаяқтардың әрекеті екенін еске салады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2409707-shqo-da-taksi-zhurgizushisi-zholaushyny-telefon-alaiagynyng-arbauynan-saqtap-qaldy/
