Далаға шықпауға кеңес берілді: Оралда ауаға улы заттар тарағаны анықталды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Оралда бір апта бойы сөндірілген өрттің салдарынан ауадан қауіпті және аса қауіпті заттардың рұқсат етілген шекті концентрациясынан асып кеткені анықталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
27 шілдеде Оралдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонынан өрт шықты. Сол кезде қалада төтенше жағдай режимі енгізілген еді .
Телеарнаның мәліметінше, қоқыстағы өртті екі күн бұрын ғана сөндіру мүмкін болды. Артынша қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары санитариялық-қорғау аймағының шекарасында ауа сынамасын алды. Дәрігерлерден бөлек, оқиға орнына экология басқармасының зертхана мамандары да барды.
Талдаудан көміртегі тотығы, күкірт диоксиді, азот диоксиді және күкіртсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткенін белгілі болды. Бұл заттардың барлығы, әсіресе күкіртсутегі қауіпті болып саналады. Бұл улы газдар адам ағзасында оттегі жетіспеушілігін тудырып, жүйке жүйесі мен тыныс алу жолдарын зақымдайды, салдарынан улану қаупі бар.
"Атмосфералық ауа сапасына зертханалық зерттеулер тұрғын үй алаптарында, сондай-ақ желдің бағытына қарай жүргізілді. Бүгінгі таңда барлық жұмыс бақылауда. Сондай-ақ ауаға қосымша зертханалық зерттеулер жүргізіледі", - деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Дүйсеғалиева.
Әзірге санитариялық дәрігерлер қоқыс полигонына жақын орналасқан аудандардың тұрғындарына кондиционерлерді өшіріп, терезелерді мықтап жабуға және жалпы далада аз жүруге кеңес береді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2409686-dalaga-shyqpauga-kenges-berildi-oralda-auaga-uly-zattar-taragany-anyqtaldy/
