Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Қазақстанда алғаш рет жолаушысы бар ұшқышсыз аэротакси әуеге көтерілді (фото)

    Ұшқышсыз әуе кемесі
    Ұшқышсыз әуе кемесі. Фото: ААК

    Астанада ел тарихында алғаш рет бортында жолаушысы бар EH216-S ұшқышсыз әуе кемесінің ұшуы өтті, деп хабарлайды Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Азаматтық авиация комитеті Telegram-дағы арнасында бүгін Қазақстан үшін тарихи оқиға болғанын хабарлады – бортында жолаушысы бар, тік ұшып-қонатын сериялық электрлі әуе аппаратының (eVTOL) демонстрациялық ұшуы өткен.

    Сынақ ұшуы "Болашақ ойындары 2026" халықаралық турнирі аясында елорданың арнайы рұқсат етілген аумағында өткен.

    Әуе кемесі екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымға, ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін жетеді.

    "Алғашқы кезеңде Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері үстімен ұзақтығы 5-30 минут болатын демонстрациялық және туристік бағыттарды іске қосу жоспарланып отыр. Болашақта мұндай ұшқышсыз жолаушылар әуе жүйелері қолданыстағы көлік түрлерін толықтырып, еліміздің заманауи көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады", - делінген хабарламада.

    Комитеттің мәліметінше, ұшқышсыз әуе жүйелерін шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіру жұмыстарына, логистикаға және жедел әрекет етуді қажет ететін басқа да бағыттарға қолдану жоспарланған.

    "Сонымен қатар жоба аясында Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе жүйелерінің өндірісін кезең-кезеңімен өзімізде өндіру көзделіп отыр. Бұл жоғары технологиялы машина жасау саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.

    Сондай-ақ хабарламада Қазақстанда eVTOL әуе кемелерін пайдалану, вертипорттардың қызметі және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесіне қатысты заңнамалық өзгерістер қабылдағаны айтылған.

    Қазақстанда алғаш рет жолаушысы бар ұшқышсыз аэротакси әуеге көтерілді (фото)

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram