Түркістан облысында тойда тілек айтамын деп басы дауға қалған тұрғын ұсталды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Түркістан облысы Жетісай қаласында өткен тойда сөйлеген сөзі қоғамда резонанс тудырған тұрғын ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Telegram-дағы "ҚР ІІМ жаңалықтары" арнасында хабарланғандай, әлеуметтік желілерде Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының жария айтқан сөздері түсірілген бейнежазбаның таралуына байланысты діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет екені, ал адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар екені бекітілген (1-бап).
Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, жынысына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға байланысты кез келген кемсітуге тыйым салынады (16-бап).
Сонымен қатар сөз бостандығы басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұқпауға тиіс, ал діни және әлеуметтік араздықты насихаттауға жол берілмейді (23-бап)", - делінген хабарламада.
ІІМ адамның қадір-қасиетін қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыратын не қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген жария мәлімдемелерге заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін ескертеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысындағы тойда ортаға тілек айтуға шыққан ер адамның сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқанын жазған едік.
Бұл жағдайға қатысты Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин мен ҚМДБ өкілдері пікір білдірді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2408669-turkistan-oblysynda-toida-soilegen-sozi-qogamda-rezonans-tudyrgan-turgyn-ustaldy/
