Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Шымкенттегі сегіз ауданда конго-қырым қанды қызбасын жұқтыру қаупі жоғары болып тұр

    Кене
    Кене. Көрнекі фото: pixabay.com

    Биыл Шымкентте 733 адамды кене шаққан. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қала аумағында кезекті залалсыздандыру жұмыстарын қолға алды. Жалпы өңірде сегіз шағын ауданда конго-қырым қанды қызбасын жұқтыру қаупі жоғары боп тұр, деп хабарлайды 24.kz.

    Қала іргесіндегі "Тассай" шағын ауданы — конго-қырым қызбасы ауруын жұқтыру қаупі жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жеке тұрғын үй секторының айналасына дәрілік препараттар себіліп, санитарлық қорғаныш аймағы құрылып жатыр.

    Биыл қалада осындай 8 аумақта дезинфекция жүргізіледі. Инфекциялық аурудың таралмауы үшін оның алдын алудың маңызы зор. Биыл былтырға қарағанда кене шаққандар саны 20 пайызға артқан. Дегенмен қансорғыштардан ауру жұқтырып, сырқаттанғандар жоқ. Індет ошақтары да 11-ден 8-ге азайды.

    "Ошақ бар. Сондықтан санын азайтады. Санитарлық-қорғаныс аймағында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілсе, сондағы малдар басқа жерге барған кезде таза болады. Кенелер де жоғалады", - дейді Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің жетекші маманы Динара Қалқабаева.

    Өңірде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының екінші кезеңі басталды. Мамандар 74 мыңнан астам ірі қараны арнайы сұйықтықпен өңдеп, 77 мың уақ малды қорғау шараларынан өткізбек. Сонымен бірге шағын аудандар мен қоражайлардың және оған жапсарлас салынған сарай аумағына химиялық улау жұмыстары жасалады.

    "Залалсыздандыру жұмыстарына құрғақ және сұйық препараттар қолданылуда. Бұл препараттар арнайы лабораториядан өткізілген. Сертификаттары бар. Адамның өміріне ешқандай зияны жоқ. Жалпы бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 35 млн қаржы қарастырылған. Осы қыркүйек айының басына дейін жүргізілетін болады", - дейді Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерлан Әденов.

    Жалпы қала бойынша 4 млн-нан астам шаршы метр аумаққа дезинфекция жүргізіледі. Оның ішінде саябақтар мен гүлзарларға арнайы химиялық препараттар себіледі. Бұл жұмыстарға 18 маман мен 6 арнайы техника жұмылдырылып отыр.

    Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

    Шымкенттегі сегіз ауданда конго-қырым қанды қызбасын жұқтыру қаупі жоғары болып тұр

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram