Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    "Алтын көпір" ретінде қызмет етеді: Тоқаев Қазақстандағы үш ірі автожолдың құрылысын бастап берді

    Қасым-Жомарт Тоқаев
    Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы "Қызылорда – Сексеуіл", "Ұлғайсын – Сексеуіл" және "Бейнеу – Сексеуіл" автожолдарының құрылысын бастап берді. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

    Президент үш ірі автожол құрылысының басталуына арналған телекөпірде сөз сөйлеп, көлік-логистика саласы тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт екенін айтты.

    Сонымен қатар бүгін Қазақстан үшін стратегиялық мәні айрықша ауқымды жобалардың құрылысы басталатынын мәлімдеді.

    "Жол – тіршіліктің күретамыры". Мемлекет осы саланы дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретінде дамыту. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Баршаңызға белгілі, еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпір саналады. Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет", - деді мемлекет басшысы.

    Телекөпір барысында Қасым-Жомарт Тоқаев "Бейнеу – Сексеуіл" бағытында 800 шақырымдық түбегейлі жаңа жолдың құрылысы басталғанына тоқталып, бұл бағдарды халықаралық ауқымдағы автожол деп атады.

    "Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын "алтын көпір" ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады.

    Халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз. "Бейнеу – Сексеуіл" бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды "Арал-Каспий магистралі" деп атаған дұрыс", - деді мемлекет басшысы.

    Сондай-ақ президент жалпы ұзақтығы 774 шақырымды құрайтын "Қызылорда – Сексеуіл", "Ұлғайсын – Сексеуіл" жолдарын кеңейту, түбегейлі жаңғырту жұмыстары басталғанын атап өтті.

    "Бұл жолдардың құрылысымен отандық компаниялар айналысады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Осындай жобалардың әрқайсысы тұтас Қазақстанның көлік жүйесімен үйлеседі.

    Бұған дейін негізінен солтүстіктен оңтүстікке тартылған көлік желілері, енді шығыстан батысқа қарай бағытталған жаңа тармақтармен кеңейіп жатыр. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру. Қазақстандағы автокөлік тасымалы саласы табысы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Сондықтан жолдың құрылысын жүргізумен бірге заманауи цифрлық экожүйе құру маңызды міндет саналады.

    Жергілікті автоөндірісті тарта отырып, отандық тасымалдаушыларды қолдаудың ұлттық бағдарламасын қабылдау әлеуетті еселейді. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Арал маңындағы иен даламен тартылып жатқан жолдар бұған дейін тұйық нүкте саналып келген бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің тоғысына айналдырады.

    Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақтылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін!" - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    "Алтын көпір" ретінде қызмет етеді: Тоқаев Қазақстандағы үш ірі автожолдың құрылысын бастап берді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram