Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    ІІМ өкілі 65 жастан асқан жүргізушілердің медициналық тексеруден өту тәртібін түсіндірді

    Көлік жүргізуші
    Көлік жүргізуші. Көрнекі фото: pixabay.com

    ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев 65 жастан асқан жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өту тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Бейнеролик "ҚР ІІМ жаңалықтары" Telegram-арнасында жарияланды. Шыңғыс Әлекешев атап өткендей, соңғы күндері 65 жастан асқан жүргізушілерге арналған міндетті медициналық тексеруге қатысты көптеген сұрақ келіп түсуде. Кейбір азаматтар алаңдай бастаған, алайда ІІМ ресми өкілі уайымдауға ешқандай негіз жоқ екенін айтып, қоғамда туындаған басты сұрақтарға жауап берді.

    25 тамыздан бастап не өзгереді?

    ІІМ өкілінің айтуынша, 65 жастан асқан жүргізушілердің медициналық тексеруден өту талабы жаңадан шыққан жоқ — бұл норма 2014 жылдан бері қолданыста бар.

    Алайда 25 тамыздан бастап мынадай жаңа механизм күшіне енеді:

    • Егер жүргізуші медициналық тексеруден уақытылы өтпесе, оның жүргізуші куәлігінің күші автоматты түрде уақытша тоқтатылады.

    Бұл жүргізуші куәлігінен айырылады дегенді білдірмейді. Тексеруден өткен бойда куәліктің күші қайта қалпына келеді.

    65 жасқа толған бойда емханаға бару міндетті ме?

    Шыңғыс Әлекешев 65 жасқа енді толған азаматтарға емханаларға жаппай барып, кезекке тұрудың қажет жоқтығын ескертті:

    Алғашқы тексеру: 65 жасқа толған жүргізуші алғашқы медициналық тексеруден 67 жасқа толғанға дейін өтуіне болады.

    Мерзімі: Берілген медициналық анықтама 2 жылға жарамды.

    Кезекті тексерулер: Келесі тексерулер 69 жаста, 71 жаста және одан әрі әр 2 жыл сайын жалғаса береді.

    Маңызды: 65 жасқа тола салысымен асығудың қажеті жоқ, тексеруден 67 жасқа жақындағанда өту жеткілікті.

    Айыппұл салына ма?

    ІІМ өкілі ресми түрде мынадай мәлімдеме жасады:

    • Медициналық тексеруден өтпегені үшін заңда ешқандай айыппұл көзделмеген.
    • Жалғыз салдары — тексеруден өткенге дейін куәлік күшінің уақытша тоқтатылуы.
    • Патрульдік полиция қызметкерлері ең алдымен жүргізушілерге жаңа талаптарды түсіндіріп, ауызша ескерту жасайды және тексеруден өтуге мүмкіндік береді.

    Медициналық тексеруден қай жерде өтуге болады?

    Шыңғыс Әлекешевтің сөзінше, тексеруді кез келген ыңғайлы медициналық мекемеде өтуге болады:

    • Мемлекеттік емханаларда да, жекеменшік медициналық орталықтарда да;
    • Тұрғылықты жері бойынша немесе басқа қалада.

    Басты талап: Медициналық ұйымның мұндай тексеруді жүргізуге тиісті рұқсаты мен мүмкіндігі болуы шарт.

    Ақпарат базада көрінбей қалса не істеу керек?

    ІІМ өкілі егер жүргізуші тексеруден өтіп қойса, бірақ ақпарат электронды базаға бірден түспей қалса, алаңдауға негіз жоқ екенін ескертті. Полиция қызметкеріне қағаз түріндегі медициналық анықтаманы көрсетсеңіз жеткілікті. Тәртіп сақшысы бұл ақпараттың базаға енгізілуін өзі қамтамасыз етеді.

    Шыңғыс Әлекешев азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және әлеуметтік желілердегі расталмаған қауесеттерге ермеуге шақырды.

    ІІМ өкілі 65 жастан асқан жүргізушілердің медициналық тексеруден өту тәртібін түсіндірді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram