44 градус ыстық пен нөсер: тамызда қазақстандықтарды қандай ауа райы күтіп тұр
Жарияланған күні:
Читать на русском
"Қазгидромет" РМК тамыз айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Жаздың соңғы айында еліміздің басым бөлігінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, ал батыс пен оңтүстік өңірлерде қатты ыстық болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Тамыз – жаз маусымының соңғы айы. Еліміздің оңтүстігі мен батысында ауа райы негізінен ыстық болады деп болжануда, ал солтүстік жартысында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, қоңыржай ыстық ауа райы сақталады", - делінген болжамда.
Айдың бірінші онкүндігінде республиканың басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады, екпінді жел соғып, бұршақ жаууы мүмкін.
Жекелеген күндері солтүстікте, орталықта және шығыста қатты жаңбыр жауады, ал онкүндіктің ортасында оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын болады.
"Белсенді солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты тамыздың бірінші онкүндігінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болып, найзағай ойнап, жаңбыр жауады, екпінді жел соғады, бұршақ түсуі мүмкін", - делінген хабарламада.
Бірінші онкүндіктің ортасынан бастап еліміздің батысы мен орталығында жауын-шашын уақытша тоқтайды. Сонымен қатар температура көтеріле бастайды.
Батыс пен солтүстік-батыста күндізгі температура біртіндеп +25...+35 градустан +34...+39 градусқа дейін көтеріледі. Атырау облысының оңтүстігінде ауа температурасы +41 градусқа дейін, ал Маңғыстау облысында +44 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Еліміздің солтүстігінде және Қостанай облысында температура +25...+35 градустан +20...+28 градусқа дейін төмендегеннен кейін, бірінші онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы қайтадан +30...+38 градусқа дейін көтеріліп, аптап болады. Оңтүстікте, керісінше, температура +39...+44 градустан +29...+36 градусқа дейін төмендейді.
Еліміздің орталығы мен шығысында ауа райы құбылмалы болады: +33...+41°С аптап қоңыржай ыстыққа ұласып, ауа температурасы +22...+31°С-қа дейін түседі.
Оңтүстік-шығыста температура +34...+39 градус аралығында ауытқиды, ал Жамбыл облысында кей жерлерде +42 градусқа дейін жетеді. Кейін ауа температурасы +27...+35 градусқа дейін төмендейді.
Тамыздың екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы түнде +3...+8-ден +10...+18 градусқа дейін, күндіз +17...+25-тен +25...+35 градусқа дейін болады. Батыс пен оңтүстікте сынап бағанасы түнде +17...+27-ден +13...+18 градусқа дейін, күндіз +32...+42-ден +25...+35 градусқа дейін жетеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2406914-44-gradus-ystyq-pen-noser-tamyzda-qazaqstandyqtardy-qandai-aua-raiy-kutip-tur/
